Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков ұсталды
Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты іс бойынша Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы Бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков ұсталды. Ол осы іс бойынша ұсталған алтыншы күдікті болды, деп хабарлайды Politico.kz.
ІІМ-нің әскери-тергеу бөлінісі 1-дәрежелі капитанды қызметіне салғырт қарады деген күдікпен ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған.
«Соттың санкциясымен ол қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда», — деп мәлімдеді министрлік.
Ниязбеков 3 қазанда Мемлекет басшысының өкімімен қызметінен босатылған 3 лауазымды тұлғаның бірі еді. Ол Әскери-теңіз күштерін 2025 жылғы тамыздан бері басқарған.
Еске салайық, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында болды. Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметшіні теңізге ағызып әкетіп, олардың 14-і қаза тапты. Келесі күні, 25 қыркүйекте, елде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
Сол күні ІІМ 5 лауазымды тұлғаның қамауға алынғанын хабарлаған. Олардың арасында Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы Данияр Хайрушев бар.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтың сол кездегі мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі, яғни «ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» және 465-бабы – кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық істер қозғалған.
Апаттан кейін Тоқаев Қорғаныс министрін ауыстырып, министрліктегі жағдайды кешенді тексеретін комиссия құрған болатын. 5 қазанда Президентке комиссия жұмысының алғашқы нәтижелері баяндалды.
Тексерістің бірінші кезеңінде мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметін асыра пайдалану және Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен бөлімшелердегі өзге заң бұзушылықтарға қатысты 13 қылмыстық іс қозғалған.
Соңғы жаңалықтар