«Естеліктер жанымды сыздатады»: Әсел Асқар өмірден өткен ұлына жазба арнады
Танымал актриса әрі блогер Әсел Асқар осыдан төрт жыл бұрын шетінеп кеткен сәбиін еске алып, әлеуметтік желідегі парақшасында жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Өнер иесінің айтуынша, 5 қазан күні оның өмірі күрт өзгерген, ал жүректегі бұл жара уақыт өтсе де жазылмаған:
«Төрт жыл бұрын менің өмірім “дейін” және “кейін” болып екіге бөлінді. Дәл сол күндегідей ауа райы... 5 қазан күнгі естеліктер жанымды әлі күнге дейін сыздатады. Әр жыл сайын осы күнді үреймен күтемін, бірақ бұл күннен қашып құтыла алмайсың. Біреулер мұны “өмірлік сабақ”, енді біреулер “сынақ” деді. Алайда мұндай қайғыны бастан өткермеген адам оның салмағын түсінбейді. Бұл — менің ауыр тағдырым. Көз жасыңмен ешкімді қайтара алмайсың, бірақ жылдар өтсе де бұл ауырсыну басылмайды, қайта тереңдей түседі», – деп жазды ол.
Сондай-ақ актриса бұл сынақтан кейін көз жасымен күлуді, эмоциясын ұстауды үйреніп, өзін қайта жинауға тырысып жүргенін атап өтті:
«Өмір жалғасып жатыр. Қазір жанымда жақындарым бар, бәрі аман-есен. Ақырындап қалпыма келіп келемін. Әрине, сені сағынамын, бұрынғыдай жақсы көремін. Бірақ сен тым алыстасың...», – деп түйіндеді өнер иесі.
Соңғы жаңалықтар