Ерте жыныстық қатынасқа түскен жасөспірімдер бедеу болып қалуы мүмкін

23.02.2026 15:40 Арман Ермеков
Ерте жыныстық қатынасқа түскен жасөспірімдер бедеу болып қалуы мүмкін
193
Фото: nazaccent.ru

Қазақстанда жасөспірімдердің ерте жыныстық қатынасқа түсуі олардың репродуктивті денсаулығына кері әсер етіп, болашақта бедеулікке әкелуі мүмкін, деп хабарлайды NEGE.KZ.

Біріккен Ұлттар Ұйымы қорының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда жасөспірімдер орта есеппен 16 жастан бастап жыныстық қатынасқа түсе бастайды. Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы әйелдер патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі Бақыт Әбішева мен уролог Қожай Мадиғұлов жастардың бұл қадамы болашақта ауыр зардаптарға әкелетінін ескертті.

Фото: Nege.kz

Дәрігер Бақыт Әбішева қыз баланың репродуктивті жүйесі жасөспірім шақта толық қалыптасып үлгермейтінін айтады. Бұл кезде жатыр мойнының шырышты қабаты өте нәзік болып, түрлі инфекцияларға төтеп бере алмайды.

«Ерте жыныстық өмір денсаулыққа бірқатар қауіп төндіруі мүмкін. Ол қабыну ауруларының дамуына, созылмалы инфекциялардың пайда болуына, гормондық тепе-теңдіктің бұзылуына және болашақта бедеулік қаупінің артуына себеп болуы ықтимал. Қыз баланың ағзасы әлі толық қалыптасып үлгермегендіктен, мұндай қадам оның репродуктивті жүйесіне салмақ түсіреді. Мәселен, жатыр мойны зақымданып, жамбас бөлігі қабынуы мүмкін. Бұған қоса, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар жұғу қаупі жоғарылайды, етеккір циклі бұзылуы мүмкін және ерте жүктілік қаупі де артады», – дейді дәрігер.

Жасөспірімдер жыныстық қатынас туралы қажетті ақпаратты көбіне ғаламтордан іздеп, инфекция жұқтыру қаупін ескермей тек жүктіліктен сақтануды ойлайды. Қорғанышсыз қатынас салдарынан хламидиоз, папилломавирус және микоплазма сияқты аурулар жиі кездеседі. Медицина маманы мүшеқапты ең қауіпсіз әрі қолжетімді тәсіл деп атап, алғашқы профилактикалық тексеруді 15 жастан бастауға кеңес береді. Сонымен қатар жас ағзаның жүктілікке дайын болмауы анемия, шала туу және психологиялық күйзеліс сияқты қауіптерге алып келеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша соңғы 5 жылда 15 пен 18 жас аралығындағы қыздардың жүктілік көрсеткіші 47 пайызға азайған. 2025 жылы жасөспірімдердің жүктілігі 25 пайызға, босану 14 пайызға, ал түсік жасату 12,6 пайызға төмендеді. Егер кәмелетке толмаған қыздың жүктілігі анықталса, 3 сағат ішінде оның ата-анасы мен ішкі істер органдарына хабар беріліп, жасөспірімге психологиялық және құқықтық қолдау көрсетіледі.

Ерте жыныстық қатынас ұл балалардың да денсаулығына зиян келтіріп, қабыну аурулары мен гормоналды бұзылыстарды тудырады. Уролог Қожай Мадиғұлов бұл жағдай ұрық сапасының төмендеуіне және болашақта белсіздікке алып келетінін жеткізді. Оның сөзінше жасөспірімдер арасында симптомсыз өтетін хламидиоз, гонорея және уреаплазма инфекциялары көп кездеседі.

«Менің тәжірибемде ер балалар көбіне 15–17 жасында жыныстық қатынасқа түсе бастайды. Кейде 14 жаста басталатын жағдайлар бар. Бұған көбіне ортасы, ғаламтордан алған ақпараты, достары әсер етеді. Жасөспірім ұлдар үшін қорғанудың бір ғана нақты әдісі бар. Ол – мүшеқап. Жүктіліктен де, инфекциялардан да осы қорғайды», – дейді Қожай Мадиғұлов.

Мамандар ата-аналарға балаларымен ашық сөйлесіп, ерте құрған қатынастың салдарын түсіндіруді ұсынады. Ер балаларды 12 жастан бастап дәрігерлік тексеруден өткізіп тұру қажет.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий