"Қолыңнан келмейді": Сабина Алтынбекова жан сырын ақтарды

20.08.2025 09:07
0
386
әлеуметтік желі

Қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова әлеуметтік желідегі парақшасында кәсіби спорттағы қиын да қызықты жолы жайлы ойымен бөлісіп, өз тәжірибесін жүрекжарды әңгімеге арқау етті.

Ол бала күнінде жаттығуға жаяу барып, автобус жанынан тоқтамай өте шығатын сәттерді еске алды. “Әрдайым жаттығуға ерте келіп, соңынан кететінмін. Маған талай рет:

Бұл сенің қолыңнан келмейді, қарашы, добың тіпті торға да жетпейді» дейтін. Бірақ мен тынымсыз еңбектеніп, соңына дейін күрессем, мақсатыма жететінімді білдім, – деп жазады спортшы. 

Оның айтуынша, жолында түрлі адамдар кездескен, арасында қызғанышқа толы көзқарастар мен пейілі тар жандар да болған. Алайда еңбектің, адалдықтың және төзімділіктің арқасында тағдыр оған ерекше мүмкіндік сыйлаған.

Маған ешқашан ақша да, атақ та, марапат та маңызды болған емес. Бар болғаны сүйген ісіммен айналысуды тоқтатқан емеспін. Маған ешкім сенген жоқ, бірақ өз-өзіме деген сенім мені алға жетеледі, – дейді ол.

Сабина шетелдік клубтардан тиімді ұсыныстар алып, кейбір командаларда капитандық қызметке де тағайындалғанын ерекше атап өтті. Бұл жағдай спорт әлемінде сирек кездесетінін де жасырмады:

Әдетте спорт әлемінде шетелден келген спортшыға капитандықты сеніп тапсыра бермейді. Бірақ өмірде мүмкін еместің өзі мүмкін. Біреулер мұны тек «сәттілік» деп ойлайтын шығар, мейлі, бірақ мен үшін өз жолымнан таймау маңызды. Өйткені рухы мықты адам ешқашан қиындық пен сынақтан қорықпайды, деді ол.

Айта кетейік, өткен жылдың қазан айында Сабина Алтынбекова Индонезияның “Иога Фэлконс” клубымен келісімшартқа қол қойған болатын. Биыл бұл команда елдің Про-лигасында алғаш рет бақ сынайды, ал Алтынбекова қазір аталған клубтың капитаны ретінде өнер көрсетіп жүр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий