«Есік тұтқасын сындырған»: Астанада үш бала жатқан үйге бейтаныс адам кіріп кеткен
Астанада отбасы пәтерге бейтаныс ер адамның кіріп кеткенін айтып, полициядан оқиғаның мән-жайын анықтауды сұрады, деп хабарлайды Politico.kz сайты NewTimes.kz-ке сілтемемен.
Оқиға 12 қыркүйекте елордадағы пәтерлердің бірінде болған. Туысының Threads желісіндегі жазбасына сәйкес, сол күні сағат 10:35 шамасында үш баланың анасы жұмысқа кеткен. Үйде 6, 4 және 2 жастағы балалар ұйықтап жатқан.
Жазба авторының айтуынша, әйелдің күйеуі жұмысынан шығып, үйге келе жатқанын хабарлаған. Шамамен сағат 11:00-де ол пәтеріне келіп, есік алдында өзіне тиесілі емес аяқ киімді және кіреберіс есіктің зақымдалған тұтқасын байқаған.
Пәтерге кірген кезде ер адам үйдің ішінде бейтаныс киімсіз ер адамды көрген. Туысының айтуынша, белгісіз азамат үш баланың жанында ұйықтап жатқан.
Жазбада үй иесі бейтаныс адамды оятып, пәтерден шығаруға әрекет жасағаны, алайда олардың арасында жанжал туындап, төбелес болғаны айтылған. Соның салдарынан үй иесі жарақат алған.
Оқиға кезінде көршілер балаларды өз үйлеріне алып, полиция шақырған. Отбасы белгісіз адамның пәтерге қандай жолмен кіргенін анықтап, оқиғаға құқықтық баға беруді сұрап отыр.
Туыстары әсіресе пәтерде кәмелетке толмаған үш баланың болғанына алаңдайтынын жеткізген.
Соңғы жаңалықтар