Есіркі контрабандасы күдігімен қамауда отырған Navai бостандыққа шыға ма – адвокат мәлімдеме жасады

Есіркі контрабандасы күдігімен қамауда отырған Navai бостандыққа шыға ма – адвокат мәлімдеме жасады
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда тыйым салынған заттарды контрабандалық жолмен өткізді деген күдікпен қамауға алынған рэпер Navai (Наваи Бакиров) жақын уақытта бостандыққа шығуы мүмкін. Бұл туралы оның адвокаты Рена Керимова мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Адвокатының айтуынша, рэпердің жағдайы жақсы. Қорғаушы 19 қазанда онымен кездескенін айтып, әншінің көңіл күйі тұрақты екенін жеткізді.

«Navai-дың жағдайы өте жақсы. Оған бардым. Бәрі жақсы. Ол – жағдайды парасатпен бағалай алатын, әзілді жақсы түсінетін жігіт. Қандай жағдайға болсын дайын, бірақ істің жақсы аяқталатынына үміттенеді», – деді Рена Керимова REN TV арнасына берген сұхбатында.

Адвокаттың сөзінше, рэпер тергеу изоляторында уақытын кітап оқып, өлең жазумен өткізіп жүр. Сонымен қатар ол қорғау стратегиясының егжей-тегжейін көпшілік алдында талқылауды әзірге жоспарламайды. Қорғаушы мұны тергеу барысында шетел азаматы ретіндегі жағдайын қиындатпау ниетімен түсіндірді.

Рена Керимова рэпердің ұсталуына қатысты жағдайларға да тоқталды. Оның айтуынша, автокөлікті тексеру кезінде салонда тек рэпер ғана болмаған.

«Кінәні басқа біреу мойнына ала алар еді, бірақ Navai осылай жасағанды дұрыс көрді. Өзімнің жеке пікірім бойынша, ол да кінәсіз деп санаймын. Алайда кінәсін мойындау немесе мойындамау – Navai-дың өз шешімі», – деді адвокат.

Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, адвокаттың сөзіне сенсек, жуық арада рэперді қамаудан босату мәселесі қарастырылуы әбден мүмкін.

Navai-дың Қазақстанда ұсталуы

Еске сала кетейік, 14 қазанда Жамбыл облыстық полиция департаменті танымал рэпер Navai-дың есірткі контрабандасы күдігімен ұсталғанын хабарлаған еді. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, әнші уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Рэпердің директоры Рауф Гусанов оқиғаға қатысты пікір білдіруден бас тартса, оның анасы бұл жағдайды «аяқтан шалу» деп атап, ұлының жақын арада бостандыққа шығатынына сенім білдірді.

Бұл оқиға көрші елде де резонанс тудырды. Қырғызстанның Шекара қызметі музыканттың шекарадан есірткімен қалай өткенін анықтау үшін қызметтік тексеру бастады, кінәлілер жазалануы мүмкін.

15 қазанда соттың санкциясымен рэпердің екі айға қамауға алынғаны белгілі болды. Бұл ақпаратты Жамбыл облысының полициясы растады. Содан кейін Ресейдің Бас консулдығы Қазақстан СІМ өкілдігіне нота жолдады. Өз кезегінде Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосы бұл консулдық жұмыстағы қалыпты тәжірибе екенін мәлімдеді.

Ал Navai-дың адвокаты Рена Керимова қорғаушылар тарапы қамау жазасын айыппұлмен алмастыруға барынша күш салатынын жеткізді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу