Екі айға қамалған Navai бір апта өтпей босатылды
Қазақстан шекарасында есірткі контрабандасына күдікпен ұсталған ресейлік рэпер Navai (Наваи Бакиров) қамаудан босатылып, елден шығарылды. Оған қатысты қылмыстық іс ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылған, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Жамбыл облысының Полиция департаменті хабарлады.
Полицияның мәліметінше, әнші құқықбұзушылықты алғаш рет жасағаны және істеген ісіне шын өкінгені ескеріліп, қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.
«Ресейлік рэп орындаушысына қатысты қылмыстық іс құқықбұзушылықты алғаш рет жасағаны және шын өкінгені ескеріліп, қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылды. Қабылданған процестік шешімді қадағалаушы орган бекітті. Шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылды», деп мәлімдеді полиция.
Еске салайық, Navai-дың ұсталғаны 14 қазанда белгілі болған еді. Полицияның хабарлауынша, әнші 13 қазанда Қазақстанға кірмек болған кезде «Қордай» шекара бекетінде ұсталған. Операцияны полиция қызметкерлері мен шекарашылар бірлесіп жүргізген.
Тексеру кезінде Бакиров мінген көліктен есірткі заты табылып, тәркіленген. Осыдан кейін есірткі контрабандасына оқталу күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Әнші уақытша ұстау изоляторына қамалып, кейін сот оны екі айға қамауға алуға санкция берген болатын.
Ал 14 қазанда Navai Астанада концерт беруі керек еді. Алайда ұйымдастырушылар техникалық себептерді алға тартып, концертті өткізбейтінін хабарлады. Іс-шара белгісіз мерзімге шегерілген.
Наваи Бакиров әзербайжан ұлтынан шыққан ресейлік әнші әрі рэпер. Ол HammAli & Navai дуэті арқылы танылып, кейін жеке шығармашылықпен айналысқан. Қазақстандық Jah Khalib секілді орындаушылармен де бірлескен жобалары бар.
Сонымен қатар Қырғызстанда Navai-дың есірткімен шекарадан қалай өткені анықталып жатыр.
Соңғы жаңалықтар