Еуропа Ресей газына қайта оралуы мүмкін бе?

Еуропадағы энергетикалық жағдай қайта шиеленісе түсті. Қатты суық пен Азиядағы жоғары сұраныс нәтижесінде табиғи газ бағасы 10 ақпанда 58 еуроға жетіп, соңғы екі жылдағы ең жоғары көрсеткіш тіркелді, деп хабарлайды The Economist.
12 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы қақтығысты тоқтату бойынша келіссөздердің жақын арада басталатынын мәлімдеді. Бұл жаңалық қаржы нарығына әсер етіп, газ бағасының төмендеуіне себеп болды.
Сарапшылардың пікірінше, Ресейден газ жеткізілімін қайта бастау Еуропаның әлсіреген экономикасына оң әсер етуі мүмкін. Goldman Sachs экономистері бұл қадам Еуропа экономикасын 0,5%-ға арттырып, өндірістік секторды жандандыруы мүмкін екенін айтады.
Алайда, Еурокомиссия Ресей газын қайта сатып алу мен Украинадағы бейбіт келіссөздерді байланыстырудан бас тартатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, ЕО 2027 жылға дейін Ресейден газ бен мұнай импортын толық тоқтатуды жоспарлап отыр.
Дегенмен, кейбір мемлекеттер, соның ішінде Венгрия мен Словакия, Ресей газын қайта жеткізу мүмкіндігін қарастыруда. Болашақта Еуропаның энергетикалық саясатына қандай өзгерістер енетіні белгісіз, бірақ Трамптың бейбіт келісімге ұмтылуы Ресей газын қайта нарыққа шығаруға жол ашуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар





