Фельдшер Ұлдана Мырзуан тұрған үйге ескерткіш тас орнатылды
31 қаңтар – қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан фельдшер, марқұм Ұлдана Мырзуанның туған күні, деп хабарлайды Politico.kz.
Марқұмның туған күнінде Қосшы қаласында оның өмір сүрген үйінің қабырғасына ескерткіш тас орнатылды.
Тағылымды шара барысында жиналған қауым оның жарқын бейнесін, ел есінде қалған еңбегін және адамдық асыл қасиеттерін тағы бір мәрте еске алды. Орнатылған ескерткіш тас — өткенге тағзым мен ерлікке құрметтің белгісі. Бұл — елге қызмет еткен азаматтардың есімі ұмытылмайтынын айғақтайтын тағылымды қадам.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың 8 қарашасында Астанада Тәуелсіздік даңғылы 24Б мекенжайында, ғимараттың сыртқы кірпіш қаптамасы мен кондиционер блогы опырылып түсті. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті, олардың ішінде жедел жәрдемнің екі фельдшері болған.
23 жастағы Ұлдана Мырзуан 8 қарашадан бастап жансақтау бөлімінде жатты және ауыр жарақаттар салдарынан көз жұмды. Марқұмның отбасы құтқарушылар кеш жетті деп мәлімдеген, алайда ТЖМ өкілдері 112 қызметіне түскен дабылдан кейін бірден жолға шыққанын атап өтті.
Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік міндетін үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері Ұлдана Мырзуан (марқұм) «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған еді.
Соңғы жаңалықтар