«Өлімі кондиционерден болмаған»: Танымал заңгер Астанада көз жұмған фельдшер туралы тың дерек айтты
Шерзат ісі бойынша танымал заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында Астанада көз жұмған фельдшерге қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды POLITICO.
Айтуынша, фельдшердің өліміне кондиционер емес, қасбеттегі кірпіштердің құлауы себеп болған.
«Істі бұрмалау кімге қажет болған? Бұл сұрақ бәрімізді ойландыруы керек. Оқиға орнына барып, куәлерден жауап алып, барлық деректерді жеке зерттегенімде, бір нәрсе анық болды: Ұлдананың қазасы кондиционердің құлауынан емес, – ғимараттың қасбетінде тұрған кірпіштердің құлауынан болған.
Бұл – кездейсоқтық емес. Бұл – қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы, салғырттық және жауапкершіліктен қашудың салдары. Біреулер бұл істі жауып, кінәні басқа жаққа бұруға тырысып жатқан сияқты.
Кондиционердің құлауынан болды десе, кінәлінің анықталуы екі талай. Өйткені оның иесі жоқ. Ең сорақысы Ұлдананың қазасының кондиционердің құлауынан болмағанына нақты көз жеткізу үшін, оқиға орнынан кондиционердің ішкі блогы жоғалып кеткен! Тергеушілер орнын сипап қалған. Бұған не дерсің?
Бұл жерде қасбетке сыртынан әдемілік үшін кірпіш өрген құрылыс компаниясының шикілігі барма деген күдік туады», – деп жазды ол.
Заңгер атап өткендей, қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы, салғырттық және жауапкершіліктен жалтару адам өліміне әкеп соқтырған.
«Бізге жалған ақпарат емес, шындық керек. Біз үнсіз қалмаймыз. Біз Ұлдана үшін, оның отбасына әділдік орнату үшін соңына дейін барамыз. Әділдікке қол жеткіземіз. Шындықты талап етеміз. Сіздердің қолдауларыңыз Әділет бауырымыздың әділеттікке жетуіне септігін тигізеді», – деп жазды ол.
Соңғы жаңалықтар