Жанұзақ Әкім: АҚШ пен Қытай түбі бір соғысады

29.07.2026 15:13 Томирис САҒЫНДЫҚ
Жанұзақ Әкім: АҚШ пен Қытай түбі бір соғысады
75
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Белгілі қоғам қайраткері, ғалым, публицист және Халықаралық адам институтының президенті Жанұзақ Әкім АҚШ пен Қытайдың түбі бір соғысатынын айтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында әңгімеледі.

«Дональд Трамп Қытайға арнайы сапармен барды. Ол жалғыз емес, үлкен делегациямен барған еді. Сапар барысында түрлі келіссөздер жүргізіліп, маңызды келісімдер жасалды. Делегация құрамында әлемдегі ең бай адамдардың бірі, қазіргі уақытта байлығы триллион долларға бағаланып отырған Илон Маск та бар. Жалпы, осы сапардың басты маңыздылығы неде? Қандай мәселелер шешілді немесе шешілмей қалды? Сонымен қатар, Тайвань мәселесі де қарастырылды ма? Себебі кейбір дереккөздер «бұл жолы АҚШ Тайваньды Қытайдың ықпалына қалдырды» деген пікірлер айтып жатыр. «Негізі бұл сапар Ирандағы соғысқа байланысты ақпан айынан бері екі рет шегерілген болатын. Аппарат басында наурыз айында баруды жоспарлаған еді. Ал қазіргі сапардың басты мақсаты – АҚШ-та күзде өтетін президенттік сайлауға дайындық. Себебі АҚШ билігі Иранды Венесуэла сияқты оңай жеңеміз деп ойлады. Сондықтан Хаменеи сияқты басшыларын жойсақ, бірден мойындайды деп есептеді. Бірақ ирандықтар 40-45 жыл бойы соғысқа дайындалған, олардың жағдайы басқаша. Соған қарамастан, олар әлі де «жеңіске жетіп жатырмыз» деп байбалам салуда. Қазіргі таңда Иран мұнайының 80 пайызын Қытай сатып алып отыр. Тіпті, Қытай Иранға санкцияларды айналып өтуі үшін жарты триллион доллар инвестиция салды. Неге десеңіз, қазір Иранда 1 миллионнан астам Қытай азаматы жұмыс істеп жатыр. Яғни, Қытайдың Иранға экономикалық және тікелей ықпалы өте күшті. Осыған байланысты АҚШ әкімшілігі Ормуз бұғазын ашуға ең алдымен Қытай ықпал етсін деген талап қойып отыр, өйткені бұл мәселеге Қытайдың өзі де мүдделі», – деді Жанұзақ Әкім.

Ары қарай ол Трамп күздегі сайлаудың алдында Қытаймен тиімді келісімге келсе, АҚШ халқы, әсіресе республикашылдар, бұл саясатты қолдайтынын айтты. Бұл сапардың оң нәтижесі ретінде АҚШ-тың «Top 500» компанияларының рейтингі өскенін айтуға болады. Тек Airbus компаниясының 200 ұшағына қатысты көрсеткіш қана 4 пайызға төмендеді, ал қалған барлық компаниялардың көрсеткіштері жоғарылады. Бұл – өте жақсы нәтиже.

«Әрине, бұл жердегі ең негізгі мәселе – екі ел арасында түбі бір қақтығыстың болу ықтималдығы. Трамптың бұл сапардағы негізгі мақсаты – Иран мәселесін шешу еді. Ал кездесу барысында Си Цзиньпин Тайвань мәселесін қайта-қайта көтерді. Кездесуден кейін Марко Рубио: «Біз олардың позициясын тыңдадық, бірақ бұл сұрақ ресми протоколға енгізілген жоқ», – деп мәлімдеді. Яғни, Тайвань бойынша нақты келісім жасалған жоқ. Жинақтай айтқанда, Трамп: «Тайвань мен Қытай өз мәселелерін өздері шешуі керек», – деген ұстаным білдірді. Әрі қарай, 24 қыркүйекте Си Цзиньпин АҚШ-қа шақырылды, сонда тағы бірқатар келісімдерге қол қойылады деп күтілуде. Ең басты нәтиже – екі держава арасындағы бейбіт келісім. Осының арқасында АҚШ-тың 500 ірі компаниясының акциялары өсті. Сондай-ақ Қытай америкалық сорго, рапс, өсімдік майы сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға келісіп, АҚШ аграрлық секторын көтеріп тастады. Сонымен бірге 200 ұшақ сатып алу туралы уағдаластық бар. Ал Тайвань мәселесіне келсек, Рубио оны тыңдағанын айтқанымен, ресми құжатқа кірмеді. Ресми протоколда болмағандықтан, бұл мәселе бойынша нақты шешім қабылданды деп айту қиын. Си Цзиньпин де мұны жақсы түсініп отыр. Қазіргі географиялық күресте мұнай мен газ тасымалы бойынша басты қарсылас – Қытай. Тіпті Джей Ди Вэнс сайлау алдындағы сөзінде: «Біздің ең басты міндетіміз – Қытайды тоқтату», – деген болатын», – деді сарапшы.

Ары қарай ғалым АҚШ-тың қазір бұл бағытта үш негізгі қадам жасап жатқанын айтты. Олар:

  1. Венесуэланың әлемдік мұнай нарығындағы 20 пайыздық үлесін Қытайдан тартып алып, өз бақылауына өткізді;
  2. Енді Иранды Қытай ықпалынан шығаруды көздеп отыр, ал Араб елдері АҚШ әскери базалары орналасқандықтан, онсыз да АҚШ жағында;
  3. Индонезия мен Қытай арасындағы Малакка бұғазына бақылау орнату. Қытайдың теңіз арқылы тасымалданатын тауарларының 80 пайызы осы бұғаз арқылы өтеді. АҚШ жақында Индонезиямен келісімшартқа отырып, осы бұғаздан өтетін Қытай кемелерін тексеруге құқық алды.

«Міне, осындай геосаяси және стратегиялық текетірес жүріп жатыр. Дегенмен, әзірге мұның барлығы бейбіт, дипломатиялық жолмен шешілуде. Соғыстың болмағанына да шүкір», – деп қосты Жанұзақ Әкім.

Войдите, чтобы оставить комментарий