Ғалым: Өзін атеист деп жариялаған имамдар бар
Қоғамдағы діни ұстанымдардың әртүрлілігі мен жастар арасындағы атеистік көзқарастардың себептері туралы шығыстанушы, түрколог Төрәлі Еділбайұлы Қыдыр пікір білдірді. Сарапшы сенім бостандығының жеке тұлғалық құқық екенін атап өтіп, халықаралық тәжірибе мен рухани тәрбиедегі сүйіспеншілік ұғымының рөліне талдау жасады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ғалым "Қыпшақ қызы" подкастында әңгімеледі.
Ғалым діни ағартушылықтың жеткіліксіздігі мен жастардың сенім таңдауына қатысты өз ойын ортаға салды. Ол сенім таңдау құқығының кез келген қоғамға тән құбылыс екенін айтып, бұған шет елдердегі жағдайларды мысалға келтірді. Сонымен қатар, Тегеран мен Құм қалаларындағы саяси-рухани ахуалды сараптап, либерал топтардың да бар екенін атап өтті.
«Діни ағартушылықтың дұрыс жеткізілмеуі мен қойылған сұрақтарға қанағаттанарлық жауаптың табылмауы кейбір адамдардың атеистік көзқарасты таңдауына себеп болып жатады. Өкінішке қарай, бұл тенденция бүгінгі жастар арасында белең алып келеді. Негізінде, сенімді таңдау — әр тұлғаның жеке дербес құқығы. Бұл тек біздің қоғамға ғана тән құбылыс емес. Тіпті Иран Ислам Республикасы сияқты діни заңдарға негізделген мемлекеттерде де халықтың 100 пайызы бірдей ораза ұстап, намаз оқиды деуге келмейді. Мәселен, Тегеранның жанында орналасқан Құм қаласы — аятоллалар даярлайтын рухани орталық, онда билік дін өкілдерінің қолында. Алайда, оларда ғасырлар бойы дін мен дәстүр сабақтасып келгенімен, қоғам ішінде либералдық немесе батысша ойлайтын топтар да жеткілікті», — деді Төреәлі Қыдыр.
Сарапшы қатал діни режимдегі елдерде де әртүрлі көзқарастағы адамдардың кездесетінін сөз етті. Ол ғылым мен технологияның қарыштап дамуы адамдардың дүниетанымына ықпал ететінін түсіндірді. Дегенмен, дінге келу немесе одан алыстау ең алдымен тұлғаның ішкі рухани ізденісіне байланысты екенін жеткізді.
«Сондай-ақ, Ислам Әмірлігі болып жарияланған Ауғанстанда да ұқсас жағдайларды кезіктіруге болады. Мазари-Шарифтегі Әбдірахман Жами мен Гераттағы Әлішер Науаи кесенелеріне зиярат ету барысында, сондай-ақ шетелдік ақпарат құралдарының сараптамаларын бақылау кезінде байқағаным — қатал діни режимге қарамастан, онда да өзін атеист деп жариялаған имамдар кездеседі. Бұл кез келген қоғамда тұлғалық таңдаудың болатынын көрсетеді. Дінге сын көзбен қарау немесе күмән келтіру тек қазіргі дәуірде пайда болған жоқ. Пайғамбар заманында да, Абу Ханифа дәуірінде де ғалымдар мен атеистер арасында үлкен пікірталастар жүрген. Бүгінгі XXI ғасырда ғылым мен технологияның қарыштап дамуы, ғарыш пен табиғат құпияларының ашылуы адамдардың сеніміне түрліше әсер етуде. Дегенмен, адамның дінге келуі немесе одан алыстауы күрделі ғылыми теорияларға емес, көбінесе оның жеке өміріндегі белгілі бір рухани сәттер мен ішкі ізденістеріне байланысты. Себебі көптеген ірі академиктер мен ғалымдардың арасында да бесін намазын қаза қылмайтын діндар азаматтар өте көп», — деді ғалым.
Төрәлі Еділбайұлы өз сөзін рухани тәрбиедегі сүйіспеншілік пен қоғамдық толеранттылықтың маңызымен түйіндеді. Ол Жалаладдин Руми, Ахмет Яссауи және Абай сияқты ұлы ойшылдардың іліміне сүйеніп, жастарды қорқынышпен емес, махаббатпен тәрбиелеу керек екенін баса айтты. Сонымен қатар, қоғамда әртүрлі көзқарасқа құрметпен қарау мәдениетін қалыптастырудың мәні зор екенін ескертті.
«Тарихқа көз жүгіртсек, Мәуләна Жалаладдин Руми де кезінде үлкен ғалым болған. Оның өмірін түбегейлі өзгертiп, руханият әлеміне алып келген — ұстазы Шамс Табризидің бір-ақ ауыз сөзі еді. Адам ішкі сұрақтарына жауап таппағанда діннен алыстауы мүмкін, бірақ оны толықтай жоққа шығармайды. Өйткені біреулер дінді өмірдің негізгі мәні мен құлшылық деп ұқса, Алаш қайраткерлері сияқты енді біреулер оны ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлшегі ретінде бағалаған. Бүгінгі жастарға дінді қорқынышпен емес, махаббатпен түсіндіру маңызды. Қожа Ахмет Яссауи өзінің хикметтерінде Жаратушыдан өзін жай ғана құлшылық етуші (захид, абид) емес, ең әуелі «ғашық» етуді тілеген. Абай хәкім де: «Махаббатпен жаратқан адамзатты...» дей отырып, Жаратушының негізгі мәні сүйіспеншілікте екенін меңзейді. Егер адам Жаратушыны да, Оның жаратқан бүкіл адамзатын да махаббатпен сүйсе, қоғамда шынайы толеранттылық пен әділеттілік қалыптасады. Жастарды тозақтың отымен қорқытып немесе жұмақтың игіліктерімен қызықтыруға ғана негізделген жазалаушы сарындағы уағыздар күткендегідей нәтиже бермейді. Жастардың бойында руханиятқа деген сүйіспеншілікті ояту үшін мейірімділік пен қоғамдық әдепті алдыңғы орынға шығару керек. Исламда «Әдәб әл-Муфрад» сияқты жеке адамның ережелерімен қатар, қоғамдық қарым-қатынас әдебі де бар. Өкінішке қарай, қазіргі таңда кейбір діндарлардың бойынан сабырлылық пен сыпайылықтың орнына ішкі агрессия мен өкпе-ренішті көріп қаламыз. Руханиятты зерттеп жүрген адамның бойында мұндай жағымсыз қасиеттер болмауы тиіс, оның орнын махаббат басуы қажет. Сонымен бірге, қоғамға өзгелердің сенімі мен ұстанымына құрметпен қарайтын толеранттылық мәдениеті ауадай қажет. Біреу құлшылықтан рухани ләззат алса, екінші бір адам оны қабылдамауы мүмкін. Түсіністік бар жерде ғана сыйластық болады. Ал адам бойындағы бұл махаббат ең алдымен отбасында, ана мен әкенің ыстық ықыласы арқылы қалыптасады. Бойында сүйіспеншілігі бар адам айналасынан жауыздық іздемейді. Яссауи ілімінде айтылғандай, Жаратушыны да, Оның жаратылысын да махаббат арқылы таныған адам ғана кемелдікке жетеді. Тарихтағы жәдидшілдер мен Алаш арыстары сияқты дінге сын көзбен қарау — қоғамды кері тарту үшін емес, «неге кейін қалып қойдық?» деген сауалға жауап іздеп, дамуға ұмтылудан туған көзқарас», — деді ғалым.
Соңғы жаңалықтар