АҚШ-та қазақ әйелін қамауға алды деген ақпарат тарады: СІМ не дейді?

14.09.2026 14:54 Әсел МҰРАТ
АҚШ-та қазақ әйелін қамауға алды деген ақпарат тарады: СІМ не дейді?
238
Фото: ашық дереккөз

Әлеуметтік желіде қазақстандық әйелдің АҚШ-та Иммиграциялық және кедендік бақылау қызметі (ICE) тарапынан ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі бұл мәліметті тексеріп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Instagram желісіндегі salty_sssalt парақшасында қазақстандық әйелдің ұсталғаны туралы алаңдатарлық жазба жарияланған.

«12 қыркүйекте үш баланың анасы болып отырған құрбымызды ICE қызметкерлері қамауға алды», – делінген жазбада.

Алайда жарияланым авторлары әйелдің нақты қандай себеппен ұсталғанын және оның қазіргі жағдайы қандай екенін көрсетпеген.

Тілшіміз осы ақпаратқа қатысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне сауал жолдады.

Министрлік әзірге қазақстандық әйелдің ұсталғанын растамады. Ведомство әлеуметтік желіде тараған ақпарат бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

ICE немен айналысады?

АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік бақылау қызметі (ICE) елдегі иммиграциялық заңнаманың сақталуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қызмет заңсыз көші-қонға, адамдар мен тауарлардың заңсыз тасымалына қарсы күресіп, терроризмнің алдын алуға бағытталған жұмыстарға қатысады.

ICE АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігіне қарайды және бірқатар жағдайда АҚШ-тың Кеден және шекараны қорғау қызметімен (CBP) бірлесіп жұмыс істейді.

Войдите, чтобы оставить комментарий