Ғалым: Ресей түркілер бірігіп, Алтын Орда қайта тіріле ме деп қатты қорықты

03.08.2026 15:55 Томирис САҒЫНДЫҚ
Ғалым: Ресей түркілер бірігіп, Алтын Орда қайта тіріле ме деп қатты қорықты
90
Фото: ашықдерекөзінен алынды

Әлихантанушы-ғалым, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанхан Аққұлұлы Жүсіп Түркістан автономиясының құрылу тарихы мен оның басты стратегиялық мақсаттарына терең тоқталып, тарихи ақиқаттың астарлы тұстарын ашып көрсетті. Ғалымның пайымдауынша, бүгінге дейін тар шеңберде «Қоқан автономиясы» деп кішірейтіліп айтылып келген саяси құрылымның түпнұсқа тарихи атауы — Түркістан автономиясы. Бұл автономияны құру идеясы Қоқандағы мұсылмандар құрылтайында емес, одан екі-үш апта бұрын Орынбор қаласында, Әлихан Бөкейхановтың Уақытша үкімет комиссары ретіндегі кеңсесінде қабылданған, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол тележүргізуші Гүлбаршын Заирға берген сұқбатында айтты.

«Біз осы күнге дейін «Қоқан автономиясы» деп кішірейтіп көрсетіп жүрген құрылым негізінен «Түркістан автономиясы» деп аталған. Түркістан автономиясын құру идеясы мен бастамасы Қоқан қаласындағы бүкіл Түркістан мұсылмандарының құрылтайында емес, одан екі-үш апта бұрын Әлихан Бөкейхановтың Орынбордағы Уақытша үкімет комиссары кеңсесінде қабылданған болатын. Бұл мәжіліске Башқұрт автономиясының төрағасы Ахмет Заки Валиди де қатысты. Осы жиыннан кейін Түркістанда да азаттық пен автономия үшін күресті бастау туралы шешім қабылданады. Осыдан соң Мұхаметжан Тынышпаев пен Мұстафа Шоқай Ташкентке аттанады. Ол кезде Ташкент кеңестік биліктің қолына өтіп кеткен еді. Мұхаметжан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай және Ахмет Заки Валиди жергілікті өзбек халқының қолдауын алуға тырысқанымен, Ташкенттегі мұсылман басшылығы кеңестер жағына шығып кетеді», — деді Сұлтанхан Аққұлұлы Жүсіп.

Сондай-ақ Сұлтанхан Аққұлұлы 12 желтоқсанда құрылтай делегаттарының Алаш автономиясын құрып, Алашорда үкіметінің мүшелерін сайлау себебін тереңінен түсіндіріп өтті. Ғалымның айтуынша, бұл екі автономияның арасында ешқандай қайшылық немесе текетірес болмаған, керісінше, олар бірін-бірі толықтыратын біртұтас ұлттық жобаның екі қанаты еді.

«Содан кейін бұлар Қоқанға барып, Төртінші төтенше Түркістан мұсылмандарының құрылтайын шақырады. 27 қарашада Түркістан автономиясы ресми түрде жарияланады. Автономия құрылған соң, оның премьер-министрі болып Мұхаметжан Тынышпаев, ал Сыртқы істер министрі болып Мұстафа Шоқай сайланады. Арада тура екі апта өткенде, Орынборда Екінші жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы басталады. 12 желтоқсанда құрылтай делегаттары Алаш автономиясын құрып, Алашорда үкіметінің мүшелерін сайлайды. Мұндағы басты назар аударарлық жайт: Түркістан автономиясының премьер-министрі Мұхаметжан Тынышпаев пен Сыртқы істер министрі Мұстафа Шоқай Алашорда үкіметінің де мүшесі болып сайланады. Бұл Алаш пен Түркістанның бөлінбес бір мемлекеттік құрылым болғанын білдіреді», — деді әлихантанушы-ғалым.

Сонымен қатар ғалым Ресей империясы мен оның орнын басқан бірінші демократтардың неліктен осыншалықты үрей танытқанына тоқталды. Олардың басты қорқынышы — Ресей құрамындағы түркі халықтары бірігіп кетсе, кешегі қуатты Алтын Орда мемлекеттілігі қайта жаңғырады деген үрейден туындаған еді.

«Олардың не себепті бөлек жарияланғанына келсек, бұл жайлы Мұстафа Шоқайдың естеліктерінде жақсы айтылған. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Мұстафа Шоқай Әлиханның тапсырмасымен Петроград жұмысшы және сарбаз депутаттары кеңесінің төрағасы Чхеидзеге жолығады. Чхеидзе одан алдағы жоспарлары туралы сұрағанда, Мұстафа Шоқай Түркістанда автономия дайындауға бара жатқанын айтады. Бұған Чхеидзе: «Түркістан халықтарының мәдениеті де, діні де басқа, олар бірден сепаратизмге ойысады» деп шошына қарайды. Сонда Мұстафа Шоқай: «Ресейден бөлінуді мақсат етіп отырған жоқпыз, бірақ өзімізді-өзіміз билейтін автономия болу үшін күресеміз» деп оны сабырға шақырады. Патшалықты құлатқан Ресей демократтарының өзі бойындағы империялық пиғылдан арыла қоймаған еді. Олар пантүркизм мен панисламизмнен, түркі халықтары бірігіп, кешегі Алтын Орда империясы қайта тіріле ме деп қатты қорықты. Сол себепті Мұстафа Шоқай да, Әлихан Бөкейханов та: «Ресейден бөлінбейміз, оның құрамында қаламыз» деп уақытша сендіруге мәжбүр болды. Алайда олардың түпкі стратегиялық мақсаты — Ресейден бөлініп, дербес Түркістанды немесе Жошы ұлысын қайта қалпына келтіру, түркі халықтарының басын біріктіру еді», — деді журналист.

Войдите, чтобы оставить комментарий