"Ғашық адамдар бар": Роза Рымбаева өкінішін айтты
Қазақстанның халық әртісі, әйгілі әнші Роза Рымбаева өзінің өмірлік серігі, талантты музыкант Тасқын Оқапов туралы жүрек тебірентерлік естелігімен бөлісті.
Өнер иесі сүйікті жұбайын ерекше сағынышпен еске алып, оның өмірі мен шығармашылығына қосқан өлшеусіз үлесін зор ілтипатпен атап өтті. Әншінің айтуынша, Тасқын Оқапов оның өмірінде ғана емес, өнер жолында да орны толмас тұлға болған.
«Күйеуімді қатты сағынамын. Жалғыздық деген тек өмірде емес, өнерде де бар. Әрине, менің өнерімді бағалайтын, әндерімді сүйетін тыңдармандар бар. Бірақ мен олардың барлығын Тасқынмен салыстырамын. Оның деңгейіне жеткен адамды кездестірмедім, тіпті іздеген де емеспін. Екі балама әрі әке, әрі ана болып келемін. Қазір немерем бар. Менің бүгінгі жетістігіме, осы деңгейге жетуіме Тасқынның махаббаты мен білімі тікелей әсер етті. Егер Тасқынмен жолым түйіспегенде, бәлкім, мен сахнада жүрмес те едім. Мұның бәрін жас ұлғайған сайын тереңірек түсінесің...» – деп ағынан жарылды Рымбаева.
Бұл әсерлі естелік Роза Рымбаеваның өмірлік серігіне деген адалдығын, махаббаты мен ризашылығын айқын көрсетеді. Әнші үшін Тасқын Оқапов тек сүйікті жар емес, оның шығармашылық жолының шынайы тірегі әрі шабыт көзі болған.
Соңғы жаңалықтар