«Головкинді қолдаймын деп басы бәлеге қалды»: қазақ боксшысына күтпеген айып тағылды

23.09.2026 16:31 Әсел МҰРАТ
«Головкинді қолдаймын деп басы бәлеге қалды»: қазақ боксшысына күтпеген айып тағылды
299
Фото: ашық дереккөз

Қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов атышулы украиналық «Миротворец» сайтының деректер базасына енгізілді, деп хабарлайды Politico.kz РИА Новостиге сілтеме жасап.

Жүсіповтің жеке деректері сайтта сейсенбі күні кешке жарияланған. «Миротворец» оны Ресейді қолдады деп айыптап, сондай-ақ Украинаның аумақтық тұтастығына қол сұғуға әрекет жасады деген болжам келтірген.

Боксшының аталған базаға енгізілуіне оның World Boxing халықаралық бокс федерациясының президенті Геннадий Головкинді қолдауы себеп болған. Бұған дейін ұйым ресейлік спортшыларды халықаралық жарыстарға елдің туы мен әнұранымен қатыстыруға рұқсат берген еді.

Абылайхан Жүсіповтің пікірінше, спорт саясаттан тыс болуы керек. Ол спорт адамдарды біріктіріп, достық пен өзара құрметті насихаттауы тиіс екенін, ал саяси тартыстар мен жеке есеп айырысудың құралына айналмауы керектігін айтқан.

Наурызда World Boxing атқарушы кеңесі Ресей бокс федерациясының ұйым құрамына кіру туралы өтінішін мақұлдаған. Сәуірде ресейлік және беларусьтік спортшыларға бейтарап мәртебеде жарыстарға қатысуға рұқсат берілді. Кейін 30 шілдеде Ресей спорт министрі әрі Ресей Олимпиада комитетінің (РОК) төрағасы Михаил Дегтярев World Boxing ресейлік боксшыларға жарыстарға елдің туы мен әнұранымен қатысуға мүмкіндік бергенін мәлімдеді.

Украинаның «Миротворец» сайты журналистердің, ДНР мен ЛХР жасақтарының мүшелерінің және өзге де азаматтардың жеке деректерін жариялап, оларды «Отанын сатқандар» деп атайтын даулы материалдарымен танымал. Сайтта кәмелетке толмағандардың да жеке мәліметтері бірнеше рет жарияланған. Сонымен қатар ресурс базасына Ресейдің бірқатар мәдениет қайраткерлері мен түрлі елдердің азаматтары туралы ақпарат енгізілген.

Бұған дейін Жүсіпов World Boxing президенті Геннадий Головкин осы сайттың базасына енгізілгеннен кейін оған көпшілік алдында қолдау білдірген болатын. Боксшы ресейлік спортшыларды ту мен әнұран астында жарысқа жіберу туралы шешімді Головкин жеке өзі емес, халықаралық спорт федерациялары қабылдайтынын мәлімдеді.

Головкиннің өзі 2025 жылдың қарашасынан бері World Boxing ұйымын басқарып келеді, ал аталған ұйым 2026 жылдың шілдесінде ресейлік спортшыларға ұлттық рәміздермен өнер көрсетуге рұқсат берген.

Войдите, чтобы оставить комментарий