Грэмми сыйлығының екі дүркін иегері Уолтер Афанасьефф Димаш үшін Түркістанға келді

Әйгілі америкалық композитор әрі продюсер, екі дүркін Грэмми сыйлығының иегері Уолтер Афанасьефф Қазақстанға алғаш рет келіп, Түркістан қаласында Димаш Құдайберген мен Hunan Broadcasting System халықаралық жобасына қатысты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Сан ғасырлық тарихы бар Қазақстанның рухани астанасы – «Voice Beyond Horizon» халықаралық музыкалық шоуын түсіретін алғашқы орын болды.
Түсірілімдер әр облыстардағы туристік және тарихи орындарда өтті. Музыкалық жобаға Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия елдерінен өнерпаздар жиналды.
Байқауға қатысушылардың кәсіби деңгейін арнайы шақырылған халықаралық сарапшылар бағалайды. Қазылар алқасының бірі «Титаник» фильміне саундтрек ретінде көрсетілген «My Heart Will Go On» хитінің продюсері Уолтер Афанасьефф болды.
«Қазақстанға алғаш рет келуім. Мен бұл туралы көптен армандаған едім. Дәл осы елде өмір сүргім келер еді. Адамдары, тағамдары, климаты, табиғаты – мұның бәрі мені таң қалдырып, жанымды тебірентті. Шынымды айтсам, мен болған ең сүйікті қалалардың біріне айналды», – деді Уолтер Афанасьефф.
Түсірілім барысында музыканттар Түркістан облысының табиғи және мәдени символдарын аралады. Олардың қатарында Әзірет-Сұлтан кешені, Отырар қалашығы, Karavansaray туристік кешені, этноауыл, Сайрам-Өгем ұлттық саябағы бар.
Музыкалық жобаға қатысушылардың шығармашылық жолы еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасады. Түсірілім жұмыстары Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларында өтеді. Шоудың соңғы кезеңі Қазақстанның астанасында жоспарланған.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген жобаны Mango TV эфирлік және цифрлық платформасы арқылы күнделікті аудиториясы 210 миллионнан астам көрерменді құрайтын Hunan Broadcasting System компаниясымен бірлесіп жүзеге асыруда. Осындай жобаның арқасында дүние жүзіндегі миллиондаған көрермен Қазақстанның туристік әлеуетін көреді.
Жобаға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы, «Жолаушылар тасымалы» АҚ және облыс әкімдіктері ұйымдастырушылық қолдау көрсетті.
Соңғы жаңалықтар





