Ғылымға қаржы 6 есе көбейді: Қайтарымы қайда
Қазақстанда ғылымға бөлінетін бюджет қаржысы 6 есе өскен, бірақ оның экономикалық пайдасы туралы ақпарат қолжетімді емес. Бұл мәселені Құрылтай депутаты Тілектес Адамбеков көтерді, деп хабарлайды Politico.kz.
«Әділет» фракциясының мүшесі Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен ғылымға жұмсалған әр теңгенің қайтарымын түсіндіруді сұрады.
Үкіметтің ресми сайтындағы дерекке сүйенсек, ғылымға республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы соңғы 6 жылда артқан. Ал ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығындар 2023 жылғы 121,5 млрд теңгеден 2026 жылға қарай 260 млрд теңгеге жеткен.
2025 жылы 241 инновациялық жоба іске асырылып, 1 200-ден астам зерттеу аяқталған. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бағдарламалары да кеңейтілген.
Депутаттың айтуынша, зерттеулердің шамамен 80%-ы мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. Бюджет тапшылығы кезінде жобаларды санаумен шектелмей, олардың нақты пайдасын бағалау қажет.
Адамбеков бөлінген қаражат қанша қосылған құн, салық түсімі мен экспорттық кіріс әкелгенін сұрады. Сондай-ақ нәтижесі өндіріске енгізілген, коммерцияландырылған немесе жеке инвестиция тартқан ғылыми жобалардың үлесін көрсетуді өтінді.
Депутат қай ғылыми және технологиялық бағыттар көбірек табыс әкелетінін, қайсысында практикалық нәтиже жоқ екенін анықтауды ұсынды. Министрден олардың тиімділігі салыстырыла ма және нәтижесі төмен салаларда бұған не себеп болғанын түсіндіруді сұрады.
Соңғы жаңалықтар