Халыққа жағдайы жоқ жатақхана сатқан депутаттар енді дәл сондай тар темір торда өмір сүретін болды
Ақтөбеде әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй бағдарламасын өз пайдасына жаратып, мемлекетке 8 млн теңге тұратын жатақхананы пәтер ретінде 672 млн теңгеге сатқан бұрынғы депутаттар мен шенеунік сотталды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
Бұған дейін Мұғалжар аудандық мәслихатының бұрынғы төрағасы Бақытжан Қадралин, мәслихат депутаты Азамат Жәлімбетов және сәулет бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Әнес Сейілханның орасан зор қаражатты қалай қолды қылғаны туралы жазған болатынбыз.
Іс материалына сүйенсек, мәслихат төрағасы 2020 жылы жалпы ауданы 4 431 шаршы метр болатын 5 қабатты жатақхананы небәрі 8 млн теңгеге сатып алған. Ауданда аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту бағдарламасы басталған тұста шенеуніктер осы нысан арқылы баю жоспарын құрып, оны жүзеге асырған. Бастапқыда 11 пәтер сатып алуға 105 млн теңге бөлу жоспарланғанымен, кейін облыстың сол кездегі әкімінің шешімімен олардың саны 70 пәтерге дейін көбейтіліп, басқа аудандардағы сатып алу көлемі қысқартылған.
Осыдан кейін мәслихат төрағасы мен депутат өзара сөз байласып, бұл заңсыз іске депутаттың әйелін тартқан. Ғимаратта қайта жоспарлау жұмыстары заңсыз жүргізіліп, жатақхана 70 пәтерге бөлінген және оған газ бен ыстық су жүйесі мүлдем тартылмаған. Осындай техникалық кемшіліктерге қарамастан, 2023 жылы мүліктерді бағалайттың компания нысанды 832,8 млн теңгеге бағалап, депутаттың әйелі мемлекеттік сатып алу байқауының жеңімпазы деп танылған. Нәтижесінде тапсырыс беруші оның есепшотына 672 млн теңге аударып, қаражат қолға тиген соң 630 млн теңге мәслихат төрағасының әйелінің есепшотына жіберілген, ал қалған 42 млн теңгені депутат өзіне алып қалған.
Бақытжан Қадралин түскен ақшаны әйелі Дүйсенованың атындағы депозитке салып, одан 67 млн теңге көлемінде сыйақы тапқан. Кейін ол қаражатты заңдастыру мақсатында Қандыағаш қаласынан бірнеше жылжымайтын мүлік сатып алған.
Сот қаулысымен үшеуі де кінәлі деп танылды.
• Бақытжан Қадралин алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бойынша 6 жыл 6 айға сотталып, оның Қандыағаштағы 3 жылжымайтын мүлкі мен банктегі 291 млн, 21,6 млн және 10,5 млн теңге көлеміндегі депозиттері, сондай-ақ әйелінің атындағы 49,6 млн теңгесі тәркіленді.
• Азамат Жәлімбетов 6 жылға, ал Әнес Сейілхан 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үшеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, олар 672 млн теңге шығынды Мұғалжар ауданы әкімдігіне бірлесіп қайтаруға міндеттелді.
Сонымен қатар 2023 жылы жасалған келісімшарт заңсыз деп танылып, құжат бойынша 5 қабатты ғимарат әлі күнге дейін жатақхана мәртебесінде қалып отыр.
Соңғы жаңалықтар