ХҚКО-дағы заңсыз құжат саудасы: «Азаматтарға арналған үкімет» түсініктеме берді

23.09.2026 14:15 Қанат АЙБАР
ХҚКО-дағы заңсыз құжат саудасы: «Азаматтарға арналған үкімет» түсініктеме берді
149
Фото: t.me/gov4c_resmi

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «ХҚКО-дағы заңсыз құжат саудасы: жарты млрд теңге, 10 сотталушы» мақаласына түсіндірме беріп, Астанада шетелдіктерге ЖСН рәсімдеудегі заң бұзушылықтар туралы полицияға өзі хабарлағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Корпорацияның мәліметінше, кейбір қызметкерлердің заңсыз әрекетке қатысы болуы мүмкін деген күдікпен Астана филиалы 2025 жылғы 17 ақпанда Көліктегі полиция департаментінен тексеру жүргізуді сұраған. Ал 2025 жылғы 28 сәуірде ЖСН рәсімдеу кезінде анықталған заң бұзушылықтарға қатысты материалдарды құқық қорғау органдарына жолдаған.

Мұндай әрекеттерге жол бермеу үшін ХҚКО жүйесі шетелдіктердің шекарадан өткені туралы деректер сақталатын «Беркут» жүйесіне қосылған. Корпорацияның түсіндіруінше, 2024 жылғы қазаннан бері шетелдіктің Қазақстанда жүргені туралы мәлімет болмаса, ЖСН алуға өтініш рәсімдеу бұғатталады. Қызметкерлердің «Беркуттағы» өтініш берушінің дербес деректерін өзгерту мүмкіндігі де шектелген.

Корпорация заң бұзушылықтарға төзбейтінін, тергеуге қажетті ақпарат пен материалдарды беруге дайын екенін жеткізді. Оның дерегінше, 2024 жылы анықталған 90 заң бұзушылық құқық қорғау және уәкілетті органдарға жолданған. Ал 2025 жылы 91 материал, 2026 жылдың алғашқы жартысында 24 материал берілген.

Войдите, чтобы оставить комментарий