ХҚКО-ның қызметкері жасаған сұмдық әшкереленді

Алматы облысында жалған құжат берген ХҚКО қызметкерлері анықталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Polisia.kz сайтының мәліметінше, ІІМ көші-қон қызметі комитеті аумақтық полиция бөліністерімен бірлесіп, республика бойынша ауқымды жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді.
"Алматы облысында полиция қызметкерлері ХҚКО-ның үш қызметкері ұйымдастырған заңсыз көші-қон арнасын анықтады. Олар жеке басының пайдасы үшін заңды бұза отырып, еңбек мигранттарын заңдастыру үшін жалған құжаттар жасаған", - делінген хабарламада.
ҚР ҚК-нің 394-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Ресми мәлімет бойынша, бес күн ішінде 7 мыңнан астам көші-қон заңнамасын бұзу деректерінің жолы кесілген:
- 2,5 мыңнан астам шетелдік Қазақстан Республикасының аумағында болу мерзімдерін бұзған.
- 862 шетелдік тиісті рұқсатсыз жұмыс істеген.
- 499 қазақстандық жұмыс беруші заңсыз шетелдік жұмыс күшін тартқан.
- 3 мыңнан астам қабылдаушы тұлға ішкі істер органдарына шетелдік азаматтардың өздерінде тұратыны туралы хабарламаған.
Барлық құқық бұзушы жауапқа тартылды.
Сонымен қатар 678 шетелдік азамат елден шығарылды, енді оларға Қазақстанға кіруге бес жылға тыйым салынады.
"Алғаш рет Мысыр азаматтарының заңсыз еңбек қызметі дерегі тіркелді. Қарағандыда ірі құрылыс алаңында рұқсатсыз жұмыс істеген осы елдің 14 азаматы табылды. Алматы облысының Жамбыл ауданында көші-қон қызметінің қызметкерлері заңсыз алкоголь өндірумен айналысқан 12 ҚХР азаматын анықтады. Олардың да тиісті рұқсат құжаттары болмаған", - делінген хабарламада.
Заңды ұдайы бұзатын жұмыс берушілер де назардан тыс қалмаған.
"Қарағанды облысында шетелдіктерді заңсыз жұмысқа бірнеше рет тартудың үш жағдайы анықталды. Осы эпизодтар бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 395-бабымен қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр".
Соңғы жаңалықтар





