Инновация мен инвестиция: Қазақстан – Израиль ынтымақтастығына жаңа серпін

28.04.2026 13:36 Мөлдір Қайнар
Инновация мен инвестиция: Қазақстан – Израиль ынтымақтастығына жаңа серпін
238
Фото: коллаж politico.kz

Күні кеше Ицхак Герцог Қазақстанға ресми сапармен келді. Ақордада салтанатты қарсы алу рәсімі өтіп, жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды. Кездесу аясында саяси диалогты нығайту, экономикалық байланыстарды кеңейту және жоғары технологиялар саласындағы әріптестікті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы сапардың маңызы жөнінде саясаттанушы, PhD, Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы Қазбек Майгелдинов пікір білдірді.

Қазақстан–Израиль қатынастары жаңа сапалық деңгейге көтерілді

Кеше өткен кездесу аясында Қазақстан мен Израиль арасындағы қарым-қатынастарға тоқталсақ, бұл сапар екіжақты байланыстардың сапалы жаңа кезеңге өткенін көрсететін маңызды факторлардың бірі деп айтуға болады.

Ең алдымен, Қазақстан мен Израиль арасында дипломатиялық қатынастар 1992 жылдан бері дамып келе жатқанын ескерсек, бүгін бұл байланыстар жаңа мазмұнмен толығып отыр. Біріншіден, аталған сапар Қазақстанның бірқатар маңызды халықаралық келісімдерге қосылғаннан кейінгі алғашқы жоғары деңгейдегі мемлекеттік сапарлардың бірі ретінде ерекшеленеді. Екіншіден, биыл Израиль сыртқы істер министрі Гидеон Саар Қазақстанға келді, енді Президент Ицхак Герцог Астанаға сапар жасап отыр. Мұндай жоғары деңгейдегі қарқынды диалог соңғы онжылдықтарда сирек байқалған, бұл өз кезегінде қатынастардың жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Үшіншіден, екіжақты күн тәртібі тек сауда және гуманитарлық байланыстармен шектелмей, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, әскери технологиялар сияқты жоғары технологиялық бағыттарға ойысып отыр. Бұл — ынтымақтастықтың жаңа сапалық мазмұнын айқындайтын маңызды белгі.

Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты тұрғысынан қарасақ, бұрын бұл саясат Ресей, Қытай және Батыс бағытындағы үштағанға негізделсе, соңғы жылдары Түркия, Иран, Парсы шығанағы елдері және Израиль секілді серіктестермен толыққан күрделі әрі икемді архитектураға айналып келеді. Осы ретте Израиль бірнеше маңызды функция атқарады.

Біріншіден, Тель-Авив Қазақстан үшін Вашингтонға шығатын тиімді дипломатиялық арналардың бірі ретінде маңызды. Екіншіден, Израиль — Қытай мен Ресейден тәуелсіз технологиялық трансферт алуға мүмкіндік беретін серіктес. Үшіншіден, Израильмен ынтымақтастық Түркия мен Әзербайжан арқылы өтетін Орта дәліздің, яғни Транскаспий халықаралық көлік маршрутының маңызын арттыра түседі.

Сондықтан стратегиялық тұрғыдан алғанда, Израильмен серіктестік Қазақстанның көпвекторлы саясатына нақты экономикалық және технологиялық мазмұн беріп отыр деп айтуға болады.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары: технология, су және инвестиция

Нақты нәтижелер беретін бағыттарға келсек, бірнеше негізгі саланы бөліп көрсетуге болады. Біріншісі — су ресурстарын басқару. Ашық деректерге сәйкес, сапар аясында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Олардың қатарында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша меморандум, Атырау облысындағы битум зауытына қатысты инвестициялық келісім және Шығыс Қазақстандағы жаңартылатын энергетика жобалары бар.

Екінші бағыт — жоғары технологиялар. Бұл жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және цифрлық үкімет салаларын қамтиды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Ал Израиль әлемдегі ең дамыған стартап экожүйелерінің біріне ие, сондықтан бұл бағыттағы ынтымақтастық ерекше маңызды.

Үшінші бағыт — агроөнеркәсіп және фармацевтика. Израиль тамшылатып суару технологиялары мен құрғақшылыққа төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарын дамытуда әлемдік көшбасшылардың бірі. Қазақстан үшін бұл аса өзекті бағыттардың бірі, сондықтан агротехнологиялар мен су үнемдеу шешімдері бойынша тәжірибе алмасу нақты нәтиже беруі мүмкін.

Инвестициялық серіктестік тұрғысынан да бірқатар нақты сигналдар байқалады. Біріншіден, тікелей әуе рейстерін кеңейту мәселесі қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда Алматы–Тель-Авив бағыты бар, ал Астанадан да тікелей рейс ашу мүмкіндігі талқылануда. Екіншіден, Қазақстан нарығына израильдік ірі компаниялардың қызығушылығы артып келеді.

Сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық бастамаларға қатысуы Парсы шығанағы елдерінің инвестициялық қорларына шығуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл — қосымша қаржы көздерін тартудың маңызды тетігі.

Ғылым, білім және технология трансфері бағытында да жоғары перспектива бар. Израиль ғылыми зерттеулерге ЖІӨ-нің 5%-дан астамын жұмсайтын елдердің бірі. Бұл Қазақстан үшін жасанды интеллект, агротехнология және су ресурстарын басқару салаларында бірлескен зертханалар мен орталықтар құруға жол ашады.

Гуманитарлық бағытта да оң динамика байқалады. Қазақстанның “жұмсақ күш” саясаты бұл жерде маңызды рөл атқарады. Мәселен, елімізде 2000 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында иудаизм өкілдері де тұрақты түрде қатысып келеді. Сонымен қатар, академиялық алмасулар, ғылыми тағылымдамалар және мәдени байланыстар екіжақты қатынастардың институционалдық негізін нығайтады.

Қазақстанның гуманитарлық бастамалары, соның ішінде Таяу Шығыстағы тұрақтылық пен қалпына келтіру процестеріне қатысуы да елдің халықаралық рөлін күшейтіп отыр.

Жалпы алғанда, Израильмен қарым-қатынасты дамыту Қазақстанға бірнеше стратегиялық мүмкіндік береді. Біріншіден, бұл АҚШ-пен байланысты жанама түрде күшейтуге жол ашады. Екіншіден, Қазақстанды Парсы шығанағының инвестициялық кеңістігіне жақындатады. Үшіншіден, Ресей мен Қытай бағыттарымен қатар теңгерімді сақтау үшін қосымша сыртқы саяси және экономикалық тірек қалыптастырады.

Сондықтан Қазақстанның Таяу Шығыс бағытындағы белсенділігі елдің көпвекторлы және прагматикалық сыртқы саясатын нығайтудың маңызды элементі болып отыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий