"Іс жүзінде шекара жоқ": Қазақстан – Қытайдан Ресейге есірткі тасымалдайтын негізгі дәліз

29.09.2025 16:42
0
233
Фото: Бейнеден кадр

Есірткі сатушылар Қазақстан арқылы Қытайдан Ресейге есірткіге арналған шикізатты тасымалдайды, деп хабарлайды Ресей ІІМ-нің бұрынғы тергеушісі Ренат Курамшин.

Би-би-сидің Орыс қызметі жариялаған «Поколение Мяу» атты деректі фильмінде есірткі сатушылардың Қазақстан аумағын транзит ретінде пайдаланып, Қытайдан Ресейге шикізатты(Прекурсор) қалай тасымалдайтыны айтылады.

Прекурсорлар – бұл мефедрон сияқты синтетикалық есірткілерді жасауға арналған негізгі химиялық заттар, яғни ингредиенттер. Фильмде айтылғандай, есірткі сатушылардың бұл заттарды алудың екі жолы бар: біріншісі Ресейдегі заңды химиялық зауыттардан алу. Бірақ бұл қауіпті, себебі полиция мұндай зауыттарды қатаң бақылайды. Екіншісі және ең көп тарағаны Қытайдан жеткізу.

Зерттеуге сәйкес, есірткі сатушылар прекурсорларды заңды жүк ретінде көрсетіп, Қазақстан арқылы тасымалдайды.

Ресей ІІМ-нің бұрынғы тергеушісі Ренат Курамшиннің айтуынша, Қытай мен Ресей арасындағы шекаралық бекеттер өте қатаң бақыланады. Сондықтан есірткі сатушылар басқа жолды таңдаған. Олар Қытайда прекурсорлар тиелген жүк көлігінің құжаттарын заңды тауар ретінде рәсімдеп, тексерісі аз бағытқа, яғни Қазақстанға қарай жолға шығады.

Ренат Курамшиннің түсіндіруінше, Қазақстан мен Ресей Кеден одағына мүше болғандықтан, екі ел арасындағы шекарада қатаң тексеріс жоқ деуге болады. Осылайша жүк Қазақстан аумағынан Ресейге еш қиындықсыз өтеді.

«Қытай мен Ресей арасындағы өткізу бекеттері барлығына белгілі және бақылауда, ол жақтан тасымалдау қауіпті. Сондықтан олардың барлығын Қазақстан арқылы тасымалдайды, өйткені Ресей, Қазақстан, Беларусь – бұл Еуразиялық экономикалық одақ аумағы, яғни бірыңғай кедендік аймақ, Ресей мен Қазақстан арасында іс жүзінде шекара жоқ. Сол себепті бұл тауарлар осы бекеттер арқылы шағын партиялармен біртіндеп таратылады», — дейді Ренат Курамшин.

Би-би-си журналистері бұл схеманы тексеріп көру үшін өздерін сатып алушы ретінде таныстырып, фентанил прекурсорларын сататын қытайлық Amarvel Bio фабрикасымен хабарласқан. Фабрика өкілдері жүктің қауіпсіз жеткізілетініне кепілдік беріп, оның Қазақстан арқылы жіберілетінін айтқан.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий