Іздеудегі Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы ҚТЖ-ға қалай кіргенін айтты (ВИДЕО)
Желіде кезекті видеосын жариялаған Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Капенов ҚТЖ-дағы қызметі мен өзіне тағылған айыптар туралы айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.
«Пікір жазушылардың Қазақстан азаматтығына қатысты сұрағына жауап беремін. Мен Қазақстан азаматтығын 2001 жылы алып, 2003 жылдан 2015 жылға дейін ҚТЖ-да басшылық қызметтерде істедім. 2015 жылы Ресейге тұрақты тұруға көшуіме байланысты азаматтығымды жоғалттым, сондықтан кейінірек елшіліктің Қазақстан азаматтығынан шығу туралы құжатын көрсетемін», – деді ол өз видеосында.
Видео астындағы пікірлерде оқырмандардың бірі одан өзін күнәсіз, тап-таза адам санайсыз ба деп сұрағанда ол халықаралық сотта бұны дәлелдейтінін айтып «Иә» деп жауап қатты.

Сонымен қатар қолданушылар екі елдің төлқұжатын қатар алып жүру заңға қайшы екенін еске салып, Қазақстан азаматтығын қалай алғанын сұрады.
«Болады. Соңғы кездері қос азаматтық туралы мәліметтерді қатайтып, цифрландырып тастады. Бұрын мен мұның заңға қайшы келетінін тіпті білген де жоқпын», – деп жазды Капенов.

Бұдан бөлек ол ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны үшін 25 жылға сотталған Дикий Арман лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевпен қарым-қатынасы туралы сұраққа да жауап беріп, оның бауыр әрі дос болғанын және солай болып қала беретінін мәлімдеді.

Күдікті ешкімнен қашпағанын алға тартып, қылмыстық істі сотқа жіберу үшін тергеуді бастауды талап етіп отырғанын жеткізді.
«Ешкім де қашып жүрген жоқ. Тергеу қашып жүр, сондықтан іздеуді тоқтатып істі сотқа жіберуі үшін әлеуметтік желілер арқылы Қырғызстанда екенімді жеткізуге тура келіп отыр. Бопсалау және рейдерлік», – деп жауап берді ол.

Сондай-ақ желі қолданушысы Капеновті Кәрім Мәсімовтің сенімді өкілі болғаны жайлы сұраған кезде ол мұны жоққа шығарды.

Капенов жақында бұл істің мән-жайын толық жария ететінін ескертіп көпшіліктен аздап күте тұруды сұрады.

Еске салайық, бұған дейін желіде Қырғызстанның төлқұжатын көрсетіп, өзін туғаннан бері осы елдің азаматы екенін айтқан Капеновке Қазақстанда сырттай қамауға алу шарасы санкцияланған болатын. Экс-премьер-министр Кәрім Мәсімовтің үлкен қызы Тамилла Кәрімнің бұрынғы күйеуі «ҚазТемірТранс» акционерлік қоғамының вице-президенті қызметінде жүргенде өзіне қатысы бар компанияларға заңсыз артықшылықтар жасаған деген күдікке ілінді. Оның қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып ақша жымқыру әрекетінің салдарынан мемлекеттік мекемеге 5,2 млрд теңгеден астам шығын келген.
Соңғы жаңалықтар