Израиль Иранға шабуылдаймын деп шығынға батып жатыр

Израиль мен Иран арасындағы әскери қарсыласу Израиль мемлекетіне күн сайын шамамен 200 миллион доллар шығын келтіріп отыр. Бұл қаражат негізінен әуе шабуылынан қорғаныс жүйесін қамтамасыз етуге жұмсалады. Бұл туралы The Wall Street Journal (WSJ) басылымы жазды.
Сарапшылардың айтуынша, "Темір күмбез" зениттік жүйесін пайдалану, әскери авиация мен оқ-дәрілерге жұмсалатын орасан зор шығындар Израильдің ұзақ мерзімді әскери іс-қимыл жүргізу мүмкіндіктерін айтарлықтай шектейді.
Экономистердің бағалауынша, ЖІӨ-і шамамен 520 млрд долларды құрайтын ел үшін мұндай қаржылық жүктеме ұзақ мерзімде күрделі салдарға әкелуі мүмкін.
WSJ-дің жазуынша, әскери шығындардың қарқынды өсуі Израиль билігін қақтығысты бәсеңдету жолдарын іздеуге итермелеуі мүмкін. Сарапшылардың бағалауынша, Иран шабуылдарының салдарынан бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтірудің өзі кемінде 400 миллион долларды қажет етеді.
Еске салайық, қақтығыс 2025 жылғы 13 маусымға қараған түні Израильдің Иранға қарсы әскери операция бастауымен өрши түсті. Арада бірнеше сағат өткенде Иран Ислам Республикасы жауапты соққы жасаған. Кейінгі күндері екі тараптың өзара шабуылдары жалғасып, адам өліміне және инфрақұрылымның жаппай қирауына әкелді.
Соңғы жаңалықтар





