Juzzefina атымен танылған блогер 10 тәулікке қамалды

25.06.2026 17:50 Мөлдір ҚАЙНАР
Juzzefina атымен танылған блогер 10 тәулікке қамалды
260
Фото: әлеуметтік желі

Жузефина атымен танылған блогер Жұлдыз Жауынбаева 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Еске салайық, бұған дейін блогер әлеуметтік желіде әкесі тарапынан өзіне зорлық-зомбылық жасалғанын айтып, көпшілікке мәлімдеме жасаған болатын.

Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында блогердің әкесі тарапынан зорлық-зомбылық жасалғаны туралы видеолары, сондай-ақ былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттері көрсетілген жазбалары анықталған. Осы жарияланымдар бойынша тексеру жүргізіліп, блогер мен оның ата-анасынан жауап алынған.

«Құқыққа қайшы әрекеттер туралы ақпарат расталмады. Бейнежазбада Алматы қаласының тұрғыны тыйым салынған заттарды қолданғанын көрсеткен. Медициналық куәландыру оның есірткі заттарын қолданғанын растады», – деп хабарлады полиция.

Сондай-ақ полиция блогердің әрекетінен ұсақ бұзақылық жасау және жалған ақпарат тарату белгілері анықталғанын мәлімдеді. Жиналған материалдар сотқа жолданған.

Сот шешімімен Жұлдыз Жауынбаева 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұдан бөлек, жалған ақпарат таратқаны және бұған дейін берілген ресми ескертудің талаптарын бұзғаны үшін оған 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Полицияның мәліметінше, блогер бұған дейін де арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Құқық қорғау органдары жалған ақпарат тарату, қоғамдық тәртіпті бұзу және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын ескертіп, әлеуметтік желідегі кез келген құқық бұзушылық туралы ақпарат міндетті түрде тексерілетінін мәлімдеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий