Kaspi.kz арқылы қызына ақша аударып, астына хат жазған жігіт сотталды
Алматы облысының Қарасай аудандық соты бірнеше ай бойы бойжеткенді қудалаған азаматқа үкім шығарды, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот деректеріне сәйкес, ер адам 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап қыздың мазасын алған. Бойжеткен оның барлық байланыс арналары арқылы хабарласуын шектегеніне қарамастан, ол әрекетін тоқтатпаған. Атап айтқанда, жігіт Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы шағын көлемде ақша аударып, әр жолы түсініктеме ретінде хат қалдырып отырған.
Соттың хабарлауынша, айыпталушы жәбірленушіге бірнеше мәрте қоңырау шалып, WhatsApp пен Telegram мессенджерлері арқылы жазған. Бұғатталғаннан кейін де, ол байланыс орнатудың өзге жолдарын іздеп, банк қосымшасы арқылы ақша жіберіп, мәтіндік хабарламалар жолдауды әдетке айналдырған. Бұл жүйелі қудалау бойжеткеннің психологиялық жағдайына кері әсер етіп, қорқыныш сезімін туындатқан, ұйқысының бұзылуына және күнделікті өмір салтының өзгеруіне себеп болған.
Осы жағдайға байланысты жәбірленуші құқық қорғау органдарына арыз түсіріп, ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің сталкингке қатысты бабы бойынша іс қозғалған.
Іс материалдарын жан-жақты зерделеп, тараптардың уәжін тыңдаған сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танып, 25 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Соңғы жаңалықтар