Каспийдегі қайғылы оқиға: қызметіне салғырт қарады деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды
Маңғыстаудағы оқу-жаттығуда 12 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты тергеуде күдікті лауазымды тұлғалар анықталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бас прокуратураның хабарлауынша, тергеу барысында оқиға орны тексеріліп, 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынған. Құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленіп, 12 сараптама тағайындалды.
«Қызметке салғырт қарады деп күдік келтірілген, сондай-ақ метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау мен қажетті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етпеген, құтқару жұмыстарын тиісінше ұйымдастырмаған, соның салдарынан адамдардың қаза болуына әкеп соққан лауазымды тұлғалар анықталды», делінген хабарламада.
Прокуратура мәліметінше, әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті процестік шаралар қабылданады.
Еске салайық, қайғылы оқиға кеше, 24 қыркүйекте Каспий жағалауындағы әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде болды. Әскери қызметшілер тапсырма орындап жатқанда ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген, сол кезде оларды теңізге алып кеткен.
Алғашында теңізге 19 адам кеткені хабарланғанымен, облыс әкімдігі кейін олардың саны 17 екенін нақтылады. Қазір 12 адамның қаза тапқаны белгілі. Үшеуі құтқарылған, олардың біреуі ауруханада жатыр. Қалғандарын іздеу жалғасуда. Оқиға орнына құтқарушылар жіберілген.
Оқиғаның себебін анықтап, марқұмдардың отбасыларына көмектесу үшін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия құрылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскерилердің жақындарына көңіл айтып, бүгін, 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Соңғы жаңалықтар