Казиноға 2 млрд теңге тіккен қаржы пирамидасының басшысы анықталды

Маңғыстау облысында «Sax Invest» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды. Тергеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
ҚМА мәліметінше, компания бұған дейін өзін инвестициялық қор, бағалы қағаздар, қаржы құралдары мен басқа да активтердің иесі, сондай-ақ Африкада алмаз өндіру бойынша жаһандық халықаралық жобаның қатысушысы ретінде таныстырған. Қылмыстық топ мыңнан астам салымшыдан заңсыз түрде 9 млрд теңгеден астам қаражат жинаған. Тергеу барысында бұл қаражаттың көп бөлігі компания шотына емес, пирамиданың ұйымдастырушысы Мендығалиевтің жеке шотына аударылғаны анықталды.
Қаржы пирамидасые ұйымдастырған Мендығалиев казиноға 2 млрд теңге, «Блайсико» атты бақылауындағы компанияның үлесін сатып алуға 28 млн теңге, Атырау қаласындағы екі пәтерге 70 млн теңге, жеке үй құрылысына 120 млн теңге, шетелде демалуға 377 млн теңге, қызының Лондонда оқуына 53 млн теңге жұмсаған.
Ол қылмысын жасыру үшін 2023 жылдың басында 143 салымшымен жалпы 1,2 млрд теңгеден астам залалды өтеуге қатысты келісім жасасқан. Әрі 2023 жылдың соңына дейін 7 млрд теңге сомасында 1000-нан астам салымшыға қаражатты қайтарамын деп уәде берген. Алайда салымшылардың ақшасы сол күйі қайтпаған. 2024 жылдың қарашасында Мендығалиевке халықаралық іздеу жарияланды.
Ұйымдастырушыдан бөлек, күдікті ретінде Астана, Ақтөбе, Орал және Ақтау қалаларындағы қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін басқарған 10 адам ұсталды.
Соңғы жаңалықтар





