«Келінді төрге отырғызу — дәстүрге қайшы»: Қоғам белсендісі қазақ тойларына өзгеріс енгізуді ұсынды
Қоғам белсендісі Мұрат Қазамбаев қазақтың үйлену тойларын өткізу дәстүріне өзгерістер енгізіп, артық даңғазалықтан бас тартуды ұсынды. Бұл туралы Politico.kz 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның пікірінше, соңғы уақытта салт-дәстүрдің түпкі мәні ұмытылып, ысырапшылдық шектен шығып барады. Ұлытау өңірінің ақсақалдары да той өткізуге қатысты ортақ ереже қабылдау қажет деп санайды. Олар жаңа түскен келінді төрге шығару мен үлкендердің жастардың алдында билеуін қазақтың жөн-жоралғысына жат әрекет ретінде бағалап отыр.
Мұрат Қазамбаев келін келген сәтте үлкендердің орындарынан тұрып, қол соғуын да орынсыз деп есептейді:
«Келін келе жатыр, тұрыңдар, қол шапалақтаңдар» деп үлкендерді орындарынан тұрғызып, келіннің алдынан жүргізу — оған сәлем салғызумен бірдей. Жастарға шымылдықпен безендірілген арнайы орын дайындап, ал төрге құда мен құдағиды секілді қадірлі қонақтарды отырғызған жөн», — деді қоғам белсендісі.
Сондай-ақ ол тойда алдымен үлкендерге арнап дастарқан жайып, олардың басын қосқан соң ғана жастардың ойын-сауығын бөлек ұйымдастыруды ұсынды. Бұған қоса, қонақтарды орынсыз әзілмен ыңғайсыз жағдайға қалдыратын асабаларды тойға шақырмауға шақырды.
Бастамашылардың айтуынша, үйлену тойының басты мақсаты — тек көңіл көтеру емес, ағайын-туыстың басын қосып, екі әулетті жақындастыру. Бұл ұсынысты қолдап отырған асабалар мен той иелері де бар.
Соңғы жаңалықтар