«Бюллетеньді суретке түсірсеңіз...»: Бас прокуратура сайлау алдында халыққа шұғыл үндеу жасады

«Бюллетеньді суретке түсірсеңіз...»: Бас прокуратура сайлау алдында халыққа шұғыл үндеу жасады
Фото: gov.kz

Бас прокуратура 29 қарашаға белгіленген барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына байланысты азаматтар мен сайлау процесінің барлық қатысушыларына арнайы үндеу жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Қадағалаушы органның мәліметінше, бүгінге дейін сайлау заңнамасын бұзудың 13 дерегі анықталған. Оның 7-еуі тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізу фактілеріне қатысты. Барлық кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Тыныштық күні» және үгітке тыйым

«Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, сайлау алдындағы үгіт жұмыстары 28 қарашада сағат 00:00-де тоқтатылады. Осыған орай 28 және 29 қараша күндері кез келген үгіт-насихат жүргізуге қатаң тыйым салынады.

Сайлау учаскелері мен комиссия ғимараттарынан тыс жерлерде бұрын ілінген баспа материалдары және интернеттегі бұрынғы жарияланымдар өз орнында қала береді. Алайда оларды сайттардың басты бетіне қайта шығаруға болмайды.

Дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіруге және оны таратуға тыйым салынады.

Тыйым салынған уақытта үгіт жүргізгендерге ӘҚБтК-нің 102-бабы бойынша айыппұл салынады: жеке тұлғаларға – 15 АЕК, шағын кәсіпкерлік пен ҮЕҰ-ға – 20 АЕК, орта кәсіпкерлікке – 25 АЕК, ірі бизнеске – 35 АЕК.

Сауалнама жүргізуге шектеулер

Дауыс беру күні және оның алдындағы 5 күн ішінде БАҚ пен онлайн-платформаларда қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау болжамдарын және зерттеулерді жариялауға жол берілмейді. Сондай-ақ сайлау күні дауыс беру пункттерінде сауалнама жүргізуге тыйым салынады. Бұл талапты бұзған жеке тұлғаларға 10 АЕК, заңды тұлғаларға 25 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған (ӘҚБтК 120-бабы).

Бейбіт жиналыстар мен жалған ақпарат үшін жауапкершілік

Бас прокуратура бейбіт жиналыстар, митингілер мен шерулер өткізу тәртібін бұзғандар ӘҚБтК-нің 488-бабы бойынша жауапқа тартылатынын, ал азаматтар мен мемлекет мүддесіне елеулі зиян келтірілсе, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша жаза қолданылатынын ескертті.

Сонымен қатар масс-медиа мен әлеуметтік желілерде жалған ақпарат немесе заңсыз контент таратқаны үшін әкімшілік (ӘҚБтК 456-2-бабы) және қылмыстық (ҚК 274-бабы) жауапкершілік көзделген.

Бас прокурордың орынбасары Е. Өтегенов сайлау процесіне қатысушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға және құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу