"Терезеден секірдік": Алматыда 5 адам қаза тапқан өрттен аман қалған тұрғын оқиғаның мән-жайын айтты

"Терезеден секірдік": Алматыда 5 адам қаза тапқан өрттен аман қалған тұрғын оқиғаның мән-жайын айтты
Фото: ulysmedia.kz

Алматыдағы бес адам қаза тапқан ірі өрттен аман қалған Анар Тұрғанбаева отбасымен бірге терезе арқылы сыртқа секіріп, әрең құтылғанын айтты, деп хабарлайды Politico.kz  Qaz365.kz сайтына сілтеп.

Оның сөзінше, отбасы өрт шыққан үйдегі бөлмелердің бірін жалдап тұрған. Таңғы сағат төрт шамасында әйел терезеден қызыл жалынды байқап, бірден үй ішіндегілерді оятқан:

«Таңғы сағат төрт шамасында өзім оянып кеттім. Терезеден қызыл жалынды көрдім. Басында не болғанын түсінбедім. Тұрып қарасам, айналаның бәрі өртеніп жатыр екен. Үйдегілерді ояттым. Есікті ашқанда қою түтін лап етті, тыныс алу мүмкін болмады. Сондықтан есікті жауып, терезеден шықтық. Үстіміздегі киіммен ғана жүгіріп шықтық», — деді Анар Тұрғанбаева.

Тұрғынның айтуынша, өрт салдарынан дәл осы үйде бөлме жалдап тұрған бес көршісі көз жұмған. Олардың арасында Өзбекстан азаматтығы бар екі жас жігіт, 60 жастағы әйел, оның 40 жастағы қызы және 4-сыныпта оқитын қыз бала бар:

«Біз тұрған үй дәліз типтес етіп салынған. Бөлмелердің есіктері бір жаққа қарап тұрды. Бірінші бөлмеде екі қызымен бірге әйел адам тұрды. Қыздардың бірі қаза тапты. Келесі бөлмеде екі әйел, тағы бірінде екі жігіт тұратын. Олар да іште қалып қойды. Ал үш кішкентай баласы бар көршілеріміз аман қалды», — деді әйел.

Оның мәліметінше, үйде 7-8 бөлме болған, әрқайсысында 2-3 адамнан тұрған. Бөлмені жалдау құны шамамен 50-60 мың теңгені құраған.

Өрт кезінде Анар Тұрғанбаеваның отбасы жеке заттары мен киімдерін алып үлгермеген:

«Ештеңе алып шыға алмадық. Үстімізде тек халат қана болды. Тек телефондарымызды алып, терезеден секірдік. Бәрі жанып кетті, ештеңе қалмады. Бізге жақын маңдағы қонақүйден орын берді. Басқа барар жеріміз жоқ», — деді ол.

Сондай-ақ әйел үйдің газбен жылытылғанын, ал тамақ пісіру үшін газ баллондары пайдаланылғанын жеткізді:

«Мен газ баллондарынан үнемі қорқатынмын. Бірақ өрттің нақты неден шыққанын білмеймін. Ол кезде бәріміз ұйықтап жаттық», — деп атап өтті Анар Тұрғанбаева.

Оның айтуынша, өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жеткен, отбасы терезеден шығып, көрші ауланың қақпасын ашқан сәтте мамандар тілсіз жауды сөндіріп жатқан. Сонымен қатар тұрғын өрт алдында отшашудың дыбысын естімегенін қосты.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу