Кей банктер миллиардтаған пайда үшін ұлттық мүддені ысырып, отпен ойнап отыр – саясаттанушы

03.02.2026 10:10 Әсел Мұрат
Кей банктер миллиардтаған пайда үшін ұлттық мүддені ысырып, отпен ойнап отыр – саясаттанушы
174
Фото: Максим Золотухин

 Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Қазақстаннан өзге мемлекетке 7 трлн теңге шығарған банкке қатысты ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

7 триллион теңгенің құпиясы бірнеше күн бойы қазақстандықтардың қызу талқысынан түспей жүр.

Айта кетейік, жақында Қаржылық мониторинг агенттігінің алқа мәжілісінде Тоқаев банктерге қатысты қатаң мәлімдеме жасады. Тоқаевтың айтуынша, бір жылдың ішінде қазақстандық банктердің бірі арқылы көрші елден үшінші мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаражат аударылған.  

Президенттің мұндай қатаң сынынан кейін Ұлттық банк пен Қаржылық мониторинг агенттігі жедел қимылдап, тексеру жүргізуді бастады.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев мұны аса ірі әрі қауіпті сипаттағы оқиғаның беті ашылған сәт деп бағалады.

«Ел тағдырына жауапкершілігі жоқ көпшілік комментаторлар не айтса да өздері білсін. Бірақ Қазақстан қазіргі күрделі геосаяси жағдайда жаһандық тұрақсыздықтан туындайтын ықтимал шығынды барынша азайту үшін «өте нәзік» саясат жүргізуге мәжбүр», — дейді Әбішев.

Сарапшының айтуынша, Тоқаев Қазақстанның ешбір тараптың сөзін сөйлемейтінін, ешбір жанжалға жақтаспайтынын, санкцияларды айналып өтуден бас тарту сияқты халықаралық міндеттемелерді қатаң сақтайтынын бірнеше рет ашық мәлімдеген. Мұны елдің сыртқы серіктестері де жақсы біледі.

Сасаттанушы да «көшедегі төбелесті жайлы пәтердің терезесінен бақылаған дұрыс» деп есептейді.

Әбішев мәселе қауіп-қатердің тек сырттан ғана емес, іштен де туындайтынына назар аударды. 

Саясаттанушының айтуынша, банк секторында тез арада ірі табысқа кенелгісі келетіндер ұлттық мүддені ысырып қойып, үлкен қаржы схемаларына араласудан тартынбайды.

«Мәселенің түп-төркіні мынада: банктер үкіметтің бірнеше мәрте жасаған үндеуіне қарамастан, Ұлттық банктің жоғары базалық мөлшерлемесін сылтау етіп, нақты секторды несиелеуге асықпайды. Алайда жоғары маржа уәде ететін, ауқымды қаржылық ағындарды көздейтін схемаларға келгенде, бірден белсенділік танытады. Бұл — бизнестің логикасы, бірақ кей жағдайларда дәл осы логика бүкіл елге ауыр зардап әкелуі мүмкін», - дейді Әбішев.

Ол Тоқаевтың қайшылықтарды тек дипломатиялық жолмен шешуді қолдайтынын тағы бір мәрте еске салды.

«Тағы да баса айтқым келеді: Қазақстан халықаралық эскалацияға қарсы. Тоқаев қайшылықтарды шешудің тек дипломатиялық жолдарын қолдайды. Сонымен қатар, ресми Астана өзіне алған барлық халықаралық міндеттемелерді қатаң сақтайды. Бірнеше жыл бұрын Қазақстан санкциялық режимді бұзбайтынын нақты әрі біржола мәлімдеген болатын», - деді сарапшы.

Саясаттанушының пікірінше, соған қарамастан, жекеменшік банктер ел экономикасына және сыртқы саяси ұстанымдарына тигізер ықпалын ескермей, миллиардтаған долларды еркін түрде ары-бері айналдырып отыр.

«Бұл — жол беруге болмайтын жағдай. Қазақстан ынтымақтастық орнатуға болатын барлық мемлекетпен әріптестікке ашық. Алайда халықаралық міндеттемелердің бұзылуының алғашқы белгілері байқалған сәттен бастап қатаң шаралар қабылдайды. Бұл ұстанымды Тоқаев барлық серіктестер мен одақтастарға бірнеше рет жеткізді және барлығы бұл стратегиялық бағытты түсіністікпен қабылдады. Қазақстан өз міндеттемелерін, тіпті бұл жақын елдермен қарым-қатынасқа немесе отандық коммерциялық банктердің мүддесіне нұқсан келтірсе де, орындауға бекінді», - деп атап өтті Әбішев.

Оның айтуынша, ірі бизнестің жекелеген өкілдері мен оларға шамадан тыс адалдық танытатын реттеуші органдардың басшылары қауіп-қатердің нақты ауқымын түсінбеген жағдайда, президентке тәртіпті тікелей өзі орнатуға тура келеді.
 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий