"Кейін қатты ұялдым": Құлағы нашар еститін таксисті мазақ қылған қазақстандық блогер сынға ұшырады

15.10.2025 12:35
0
68
Stan.kz

Әлеуметтік желіде 65 мың жазылушысы бар блогер Нұрила Аманбаеваның әрекеті көпшіліктің ашуын тудырды. Ол есту қабілеті бұзылған такси жүргізушісінің көлігіне отырып, оны рұқсатсыз видеоға түсіріп, контент жасаған. Бұл туралы POLITICO.KZ Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Желіде блогер Нұрила Аманбаеваның әрекеті қоғамның қызу талқысына түсті. Видео барысында ол есту қабілеті шектеулі жүргізушімен тілдеспей, оны мүлде елемеген кейіп танытқан. Тіпті жүргізушінің іс-әрекеттерін өзі дауыстап «озвучивала», ал бұл сәтте кадрда оның кішкентай баласы да болған. Көпшілік блогердің мұндай ісін адамдық қадір-қасиетті таптау, қатыгездік және құрметсіздік деп бағалады. Олар еңбек етіп жүрген жүргізушінің еңбегін, өмірге деген күресін елемей, оны “контент үшін құралға айналдырғанын” сынға алды.

Желі қолданушыларының бірі — kazaxar есімді азамат — блогердің әрекетін қатты сынға алып, бұл жағдайдан сабақ алуы және жауапқа тартылуы қажет екенін айтты. Ол: «Елестетіп көріңізші, сіз күн сайын есту қабілетіңіз шектеулі болса да, отбасыңыз үшін еңбек етіп, жұмысқа шығасыз. Ал көлігіңізге блогер отырып, сізді рұқсатсыз видеоға түсіріп, мазақ етеді. Бұл — жай ғана құрметсіздік емес, бұл үнсіз, бірақ жүрекке жара салатын қатыгездік», — деп жазды.

lightpro__o есімді қолданушы блогердің өзін ақтап, ал пікір білдіргендерді “қатыгез” етіп көрсетуге тырысқанын айтты. Ал ainasays есімді тағы бір қолданушы есту қабілеті шектеулі адамның адал еңбегін атап өтіп, блогердің әрекетін “ұят әрі жиіркенішті” деп бағалады. Сондай-ақ, адвокат jokharutebekov жүргізушіге көмек ұсынды: «Құрметті жүргізуші, маған жеке жазыңыз. Біз бұл тиктокерді сотқа береміз! Бұл сіз үшін тегін болады», — деп мәлімдеді.

Блогердің видеосы тарап кеткен соң ол өз парақшасында “кешірім сұрағандай” видео жариялаған. Алайда желі қолданушылары оның сөзі шынайы емес деп, сынның толастамағанын жазды. Көпшілік оның Threads платформасын кінәлап, өзін ақтауға тырысқанын айыптады.

Даудан кейін Нұрила Аманбаева ресми түрде түсініктеме беріп, видеоны әзіл ретінде түсіргенін, ешкімді ренжіту мақсаты болмағанын айтты. Ол америкалық трендке еліктеп жасағанын жеткізіп: «Бірақ оны жариялаған сәтте-ақ мазмұнының қорлайтын сипатта екенін түсіндім. Ешкімді мазақтау ниетім болмады. Бұл әрекетім үшін шын жүректен өкінемін», — деп кешірім сұрады.

Сонымен қатар, блогер көпшілікке үндеу жасап, қоғамның қатал реакциясын түсінетінін, бұл видеоның моральдық тұрғыдан дұрыс болмағанын мойындады. «Мен шын жүректен ұяламын. Мұнда мәселе “кэнселде” емес, менің ойланбай жасаған әрекетімде. Біреудің көңіліне тисем, кешірім сұраймын. Видеоны өшірдім», — деді ол.

Бұл оқиға әлеуметтік желідегі жауапкершілік пен этикалық шектеулердің маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий