Кездесуге барған бойжеткен терезеден құлағанда қолында рюкзагы болған: қыздың жұмбақ өлімі күмән тудырды
22 жастағы Вероника Соколова 2024 жылдың 12 маусымында жігітпен алғашқы кездесуге мейрамханаға барған. Алайда арада біраз уақыт өткен соң оның денесі «Алматы Тауэрс» тұрғын үй кешенінің терезелерінің астынан табылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қыздың жұмбақ жағдайда қаза болуы туралы оның жақын құрбысы Threads әлеуметтік желісінде жазды.
Күмәнді таныстық
Құрбысының айтуынша, 2024 жылдың көктемінде Вероника жалдамалы пәтер іздеген. Пәтер нұсқаларының бірін оған Әлібек есімді жас жігіт көрсеткен. Үй қызға ұнамағандықтан, мәміле жүзеге аспаған. Алайда Вероника жігіттің көңілінен шыққан көрінеді. Бір айдан кейін, 10 мамыр күні Әлібек оған әлеуметтік желі арқылы жазып, алғашқы кездесуге шақырған.
«Ол қайтыс болғаннан кейін анасымен бірге iCloud-та сақталған оның хабарламасының скриншотын таптық. Бәлкім, өзі мұны сақтап қою керек екенін сезген шығар», – деп жазды prodbymelissa есімді қолданушы.
Тек 12 маусым күні жастар кездесіп, мейрамханаға барған, кейін жалдамалы пәтерге барған. Бұл оның соңғы кездесуі болған.
«Сол түні ол жігіт шақырған пәтердің терезесінен құлап кетеді», – дейді құрбысы.
Рюкзагы қолында қалған
Жарияланым авторының сөзінше, жедел жәрдемді Әлібек емес, басқа адамдар шақырған. Ал полиция оқиға орнына бірнеше сағаттан кейін ғана жеткен. Сонымен қатар, жігіттің досы оқиға орнына тым жылдам жеткені де күмән тудырады.
«Оған полиция хабарласып, досының үйінің терезесінен қыз құлап кеткенін айтқан көрінеді. Өте түсініксіз жағдай», – дейді құрбысы.
Марқұмның жақындарын таңғалдырған тағы бір жайт – Верониканың жерден рюкзагын қолында ұстап жатқан күйде табылуы. Оның ішінде телефон мен ноутбук сияқты жеке заттары болған. Биіктен құлағанына қарамастан, бұл заттар бүлінбей қалған.
Куәгер мәртебесі және жоғалған айғақтар
Қыздың туыстары Әлібектің іс бойынша тек куәгер ретінде өтіп жатқанына наразы. Олардың айтуынша, қайғылы оқиға алдында көршілер пәтерден айқай мен шуды анық естіген.
Құрбысының пікірінше, Верониканың құлау траекториясы да күмәнді көрінеді.
«Ол құлаған адамға тән емес, тым табиғи қалыпта жатқан. Омыртқасы дәл бордюрдің үстіне түскен, қол-аяғы денесінің бойымен созылып жатқан. Бірақ сараптама омыртқасының мүлде зақымданбағанын көрсетті», – дейді ол оқиғаның қолдан ұйымдастырылған болуы мүмкін екенін меңзеп.
Алғашында іс жабылғанымен, Верониканың анасы тергеудің қайта жандануына қол жеткізген.
«Көптеген айғақтар жоғалып кеткен. Оның ішінде бейнежазбалар мен оқиға орнынан түсірілген фотосуреттер де бар. Тергеуші Райымбековтің қатысуымен полиция істі жапқан еді. Алайда анасы НеМолчи.kz ұйымымен бірге істің қайта қаралуына қол жеткізді», – деп сөзін түйіндеді қыздың құрбысы.
Редакция Алматы қалалық полиция департаментінен түсініктеме сұратты. Алайда материал жарияланған сәтке дейін ресми жауап алынбады.
Соңғы жаңалықтар