Киев Еуропаның Ресей мен АҚШ-пен келіссөздерге қатысуын талап етті

Украина Еуропаға АҚШ пен Ресей арасындағы бейбіт келіссөздерге өз өкілін жіберуді ұсынды, деп хабарлайды Bloomberg.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің кеңесшісі Игорь Жовква бұл шешімді тез қабылдау керектігін айтты.
"Бұл мәселе бойынша ұзақ ойланудың қажеті жоқ. Париждегі кездесуден кейін бірден шешім қабылдануы керек. Біз тек бақылаушы болмауымыз қажет", – деді Жовква Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында.
Жовква өкіл ретінде нақты кімнің таңдалатынын ашып айтқан жоқ, бірақ ол Зеленский, Трамп және Путинмен тең дәрежеде сөйлесе алатын жоғары деңгейдегі саясаткер болуы керек екенін атап өтті.
Украина басшысы Зеленский бұл ұсынысты қолдап, "Келіссөздерде Еуропаның өкілі болуы керек" деп мәлімдеді.
Еуропа елдері Трамптың Путинмен келіссөздерді жылдам бастағанына таңғалды. Осыған байланысты Франция президенті Эммануэль Макрон шұғыл түрде еуропалық көшбасшылармен кездесу ұйымдастырды.
Франция басшысы келіссөздер қарсаңында АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы 20 минут бойы сөйлескенін мәлімдеді. Ол Париждегі кездесу нәтижелері туралы Трампқа қосымша ақпарат беруді жоспарлап отыр.
АҚШ өз одақтастарынан Украинаға қандай қауіпсіздік кепілдіктерін бере алатынын нақтылауды сұраған. Вашингтонның пікірінше, егер болашақта Ресей тарапынан бітімгерлік күштерге шабуыл жасалса, Еуропа қалай әрекет етуі керек екенін алдын ала анықтау қажет.
Еуропа елдері тез шешім қабылдамаса, АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздерден шет қалу қаупі бар. Бұл жағдай алдағы жылдарда Еуропадағы қауіпсіздік балансын анықтайтын негізгі келісімдердің біріне айналуы мүмкін.
Киев пен Брюссель ортақ қауіпсіздік кепілдіктері бойынша келісімге келуді қалайды және Украина өзіне қатысы жоқ ешқандай шешімге көнбейтінін мәлімдеді.
Bloomberg мәліметінше, бірнеше еуропалық шенеуніктер келіссөздерге әсер ету үшін Еуропа нақты ұсыныс жасап, біріккен ұстанымын анықтауы тиіс деген пікірде.
Кейбір еуропалық саясаткерлер Париждегі кездесу форматына наразылық білдіруде. Словения президенті Наташа Пирц-Мусар Париж келіссөздері "Еуропалық Одақтың Украинаға қатысты біртұтас ұстанымы бұзылуы мүмкін" деген қате сигнал беруі ықтимал екенін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар





