«Кішкентайымызды топырақ астынан таптық»: Арыстағы апаттан қаза тапқандардың жақындары жан айқайын жеткізді
Түркістан облысының Арыс қаласында мас күйде көлік тізгіндеген мұғалімнің кесірінен көз жұмған 3 адамның жақындары болған жайттың мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бұған дейін хабарланғандай, аулада демалып отырған 6 адамды көлік жаншып өткен болатын, ал бүгін осы қайғылы оқиғаның құрбандары кім екені белгілі болды.
Оқиға орнында көз жұмғандардың бірі 29 жастағы Айшолпан Шәріпбек есімді келіншек. Ол балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген және жаңа сәбиді дүниеге әкелуге дайындалып жүрген жүкті әйел болатын. Жас ана өзінің 2 жасар ұлымен бірге қалың қоршаудың құлаған үйіндісі астында қалып қаза тапты. Қазір оның артында кәмелетке толмаған 3 ұлы қалды. Анасынан айырылған балаларға бұл жағдайды қалай түсіндірерін білмей отырған Айдаровтар әулеті үшін бұл орны толмас қайғы болып отыр.
«Сөйтіп мына кісінің иығы сынды. Біздің баламыз бен келініміз кетті. Көрші келініміздің бес жасар қызы кетіп отыр. Кішкентаймыз анау, топырақтың астында, машина соққан, топырақтың астынан тауып алдық кішкентаймызды. Келініміз анау қораның ішіне кіріп кеткен. Ұшырып жіберген, ары қарай», — деді марқұмның қайын ағасы Ғани Айдаров.
Бұл қайғылы оқиға балалардың көз алдында болғандықтан, олардың жағдайы өте ауыр екенін туыстары айтып берді.
«Балалар көрген ғой, бәрі көрген. Анау сөйлей алмайтын балам, қызым, «абара абара» деп, тауып бер деп жатыр ма, кеше түнде жатқалы жатсақ, «мамам қане, мамам қане» деп жатыр, енді өне бойы менің жүрегімді тіліп өтеді, бұлар мамам қане деп, қайдан тауып берем, ойбай жаным ау! Енді осылар қор болмай өссін деймін», — деді марқұмның енесі Ағайша Манатова.
Сонымен қатар бұл апат көрші отбасыға да үлкен қайғы әкелді. Үйінді астында көршінің 5 жастағы қызы оқиға орнында жан тәсілім етті. Қызынан айырылғанын естіген 30 жастағы ана қазір Арыс ауданы ауруханасының хирургия бөлімінде жатыр, онымен дәрігерлерден бөлек психологтар да жұмыс істеуде. Әйелдің өзі миы шайқалып, аяғынан ауыр жарақат алған. Ал оның 1,5 жастағы ұлына алдағы уақытта күрделі ота жасалып, ұзақ ем қабылдау қажет болады.
«Бір жас алты айлық, жансақтау бөліміне жатқызылды өте ауыр жағдайда келді. Миы шайқалған. Оң жақ кеуде тұсының көптеген жабық сынығы бар, сол жақ санының жабық сынығы, жарақаттан ауыр шок күйде. Қазір ол баланы облыстық балалар ауруханасына ауыстырдық, жағдайы қалыпты. Бес қабырғасы сынған, саны сынған», — деді Арыс ауданы орталық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Айдар Акбаров.
Еске сала кетейік, адам өліміне әкелген жол апаты сенбі күні кешкісін жер үйдің ауласында болған. Көшенің арғы басынан қатты жылдамдықпен келген JAC көлігі тікелей кесектен өрілген қабырғаға соғылған. Соққының қатты болғаны соншалық, қалың қоршау адамдармен бірге ішке құлаған. Ол кезде орындықта 6 адам демалып отырған, олардың 3-еуі ересектер болса, қалғандары 1,5 және 2, сондай-ақ 5 жастағы балақайлар еді. Жарақат алған үшінші ересек адамның иығы сынғаны белгілі болды.
Жол апатын жасаған 52 жастағы Бибінұр Қасымова жергілікті мектептердің бірінде қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім екені белгілі болды. Полиция оның оқиға кезінде мас күйде болғанын және апаттан кейін қашып кеткенін растады. Полиция қызметкерлері күдіктіні көп ұзамай қолға түсіріп, ол әзірге 2 айға қамауға алынды. Құзырлы органдар істі қандай баппен қозғайтынын түрлі сараптама қорытындыларынан кейін анықтайды. Егерде оқиға сотта «абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет» ретінде қаралса, заң бойынша кінәліге 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін.
Соңғы жаңалықтар