"Көк кит"дауы: Топтың негізін қалаған жігітке үкім шықты

Ресейде атышулы “Көк кит” тобының негізін қалаушы Илья Погиблов сотталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Новосібір қаласының Ленин аудандық соты Погибловқа қатысты үкім шығарды.
"Көк кит" тобының негізін қалаушы Илья Погиблов балаларды өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін 9 жылға қатаң режимдегі колонияға сотталды», – делінген хабарламада.
Оған “Кәмелетке толмағандарды қылмысқа тарту”, “Уәж арқылы өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу” және “Суицидке итермелейтін әрекеттерді ұйымдастыру” баптары бойынша айып тағылған.
Сот материалдарына сәйкес, Погибловтың өзгелердің өліміне деген патологиялық қызығушылығы болған. Ол 2023 жылы “Көк кит” атты ашық Telegram арнасын құрып, оған кәмелетке толмағандарды да шақырған. Онда ол жасөспірімдерге өмірге қауіпті тапсырмалар беріп, денелеріне зиян келтіруге шақырған.
“Көк кит” пен оған ұқсас “өлім топтары” алғаш рет 2016 жылы интернетте кеңінен тараған. Бұл топтардың ұйымдастырушылары “ойын” түрінде жасөспірімдерге қауіпті тапсырмалар беріп, ақырында суицидке итермелейтін. Бұл Қазақстан мен ТМД елдерінде үлкен алаңдаушылық туғызып, нақты қауіпке айналды.
Сол кезден бастап Қазақстанда балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып келеді. Мектептерде түсіндіру жұмыстары, киберполиция тарапынан мониторинг, деструктивті топтарды анықтау шаралары күшейтілген.
Алайда мұндай қауіптер жаңа пішіндерде — TikTok, Telegram және ойын чаты арқылы қайта пайда болуда.
Мамандар ата-аналар мен мұғалімдерге балалардың интернеттегі белсенділігіне назар аударуға, психоэмоционалдық жағдайы мен қауіпсіздік тақырыптарында ашық әрі сенімді диалог құруға кеңес береді.
Соңғы жаңалықтар





