Көкшетауда жаяу жүргіншілер өткелінде төрт баланы көлік қағып кетті
Көкшетауда жаяу жүргіншілер өткелінде кәмелетке толмаған төрт баланы көлік қағып кетті, деп хабарлайды Politico.kz.
Алдын ала тараған ақпаратқа сәйкес, жол апаты Абай және Пушкин көшелерінің қиылысында болған. Әлеуметтік желілерде көлік жүргізушісінің терезелері буланып, соның салдарынан жаяу жүргіншілерді байқамай қалғаны туралы болжам айтылған.
Желіде тараған ақпарат бойынша көлік тізгінінде әйел адам отырған.
Ресми мәліметке сәйкес, 4 тамыз күні сағат 18:00 шамасында Jetour маркалы автокөліктің жүргізушісі жаяу жүргіншілерге жол бермей, төрт кәмелетке толмаған баланы қағып кеткен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 2012 және 2013 жылы туған оқушылар түрлі дене жарақатын алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлер тексеріп, қажетті медициналық көмек көрсеткеннен кейін балалардың барлығы үйлеріне жіберілген.
Полицияның хабарлауынша, зардап шеккен балалардың ата-аналары жүргізушіге қатысты ешқандай шағым түсірмеген.
Қазіргі уақытта жүргізушіге қатысты жаяу жүргіншілерге немесе жол қозғалысының өзге қатысушыларына жол бермеу фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Соңғы жаңалықтар