Көлік жөндеуге 600 мың теңгеге дейін кетіп жатыр – депутат бензин сапасын тексеруді күшейтуді сұрады

10.09.2026 15:03 Қарақат АСЫЛОВА
Көлік жөндеуге 600 мың теңгеге дейін кетіп жатыр – депутат бензин сапасын тексеруді күшейтуді сұрады
141
Фото: Depositphotos.com

Қазақстанда АИ-95 және АИ-98 бензинінің сапасына қатысты жүргізушілердің шағымы көбейген. ЖСДП фракциясының жетекшісі Асхат Рахимжанов Құрылтай отырысында осы мәселені көтеріп, Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Депутаттың айтуынша, кейінгі уақытта жанармай құйғаннан кейін көліктің қалыпты жұмыс істемей қалғаны туралы азаматтардың өтініштері жиілеген. Кей жағдайда форсункалар, оталдыру шамдары, катализаторлар және басқа да қымбат бөлшектер істен шығады.

Мұндай ақауларды жөндеуге көлік иелері 200 мыңнан 600 мың теңгеге дейін жұмсауға мәжбүр. Рахимжанов бұл шығын көптеген отбасының бюджетіне елеулі салмақ түсіретінін айтты.

Мәселе тек жекелеген жанармай сатушыларға қатысты емес. Техникалық реттеу және метрология комитетінің дерегіне сәйкес, 2026 жылы бақылау мақсатындағы сатып алулар кезінде жанармайды басқа өніммен алмастырып сату фактілері анықталған.

Алматыда АИ-100 бензині ретінде құрамындағы күкірт мөлшері белгіленген деңгейден 3 еседен астам жоғары өнім сатылған. Қызылорда облысында АИ-95 маркасымен кәдімгі АИ-92 бензині өткізілген.

Депутаттың мәліметінше, тексерулер қорытындысында сапасыз жанар-жағармай үлесі әлі де айтарлықтай деңгейде қалып отыр.

Рахимжанов тағы бір мәселеге назар аударды. Жаңғыртылған мұнай өңдеу зауыттарында өндірілген сапалы жанармайдың өзі тұтынушыға жеткенше бастапқы қасиетін жоғалтуы мүмкін. Бұл тасымалдау, сақтау, қайта тиеу және сату кезеңдерінде болуы ықтимал.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 281-бабының 5-бөлігінде талапқа сай келмейтін мұнай өнімдерінің айналымы үшін жауапкершілік қарастырылған. Алайда депутаттың айтуынша, заңдағы бір норманың өзі мәселені шешуге жеткіліксіз.

Іс жүзінде жанармай сапасының қай кезеңде нашарлағанын жедел анықтау қиын. Бұл өндірушіде, мұнай базасында, тасымалдаушыда немесе нақты жанармай құю станциясында болуы мүмкін.

Ал жанармай құйғаннан кейін көлігі істен шыққан азамат бензин сапасы мен келген шығынның арасындағы себеп-салдар байланысын өзі дәлелдеуге мәжбүр болады.

Осыған байланысты ЖСДП фракциясы Қазақстан Республикасы Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы Конституциялық заңның 48-бабын басшылыққа алып, Үкіметке 6 ұсыныс жолдады.

Бірінші ұсыныс – мұнай өнімдерінің сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту. Оның ішінде жанармай құю станциялары мен мұнай базаларынан алдын ала ескертусіз сынама алу құқығын енгізу ұсынылды. Сондай-ақ міндетті зертханалық сараптамамен тұрақты бақылау сатып алуларын жүргізу қажет.

Екінші ұсыныс – жанармайдың әр партиясын өндірушіден немесе импорттаушыдан нақты жанармай құю станциясына дейін цифрлық жүйе арқылы қадағалау. Жанармай құю станцияларында QR код орналастырып, тұтынушыға өнімнің шыққан жері мен зертханалық бақылау нәтижесін сатып алмай тұрып көруге мүмкіндік беру ұсынылды.

Үшінші ұсыныс – жауапкершілікті тек соңғы сатушыға жүктемей, жеткізу тізбегіндегі нақты кінәлі тарапты анықтап, оның жеке жауапкершілігін белгілеу.

Төртінші ұсыныс – ӘҚБтК-нің 281-бабы бойынша құқық қолдану тәжірибесін талдау. Сонымен бірге талапқа сай келмейтін жанармайды сату және айналымға шығару үшін жауапкершілікті күшейтіп, мұндай өнім партияларын міндетті түрде айналымнан алып тастау ұсынылды.

Бесінші ұсыныс – жанармай сапасын тексеру нәтижелерінің ашық мемлекеттік тізілімін құру. Онда өңір, жанармай құю станциясы, анықталған заң бұзушылық түрі және қабылданған шаралар көрсетілуі тиіс. Бұл азаматтарға жанармайды қай жерден құюды саналы түрде таңдауға мүмкіндік бермек.

Алтыншы ұсыныс – зардап шеккен азаматтарды қорғаудың нақты тетігін қалыптастыру. Фракция жанармай сапасы мен көлікке келген шығын арасындағы себеп-салдар байланысын дәлелдеуді жеңілдетуді ұсынды. Сондай-ақ диагностика мен жөндеуге кеткен шығынды өтеп, кейін бұл соманы жеткізу тізбегіндегі кінәлі тараптан өндіріп алу тетігі қарастырылуы қажет.

Рахимжановтың айтуынша, отандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту мен сапалы жанармай өндірісін арттырудың тиімділігі өнім тұтынушыға жеткенше сапасын жоғалтса төмендейді. Мемлекет бензин сапасына тек зауыттан шыққан кезде ғана емес, көлік иесінің багына құйылғанға дейін кепілдік беруі керек.

Бұған дейін жүргізушілер де жанармай құю станцияларына барғаннан кейін көліктерінің істен шыққанына шағымданған еді. Кейін жүргізілген тексеру қорытындысында Павлодар мұнай-химия зауытында өндірілген бензин сапалы деген қорытынды шыққан.

Войдите, чтобы оставить комментарий