Көлікті 55 минут қыздырсаңыз да бәрі бір - депутат

Көлікті  55 минут қыздырсаңыз да бәрі бір - депутат
24.01.2025 18:17
0
34
istockphoto.com

Қазақстанда көлігіңізді 55 минуттан артық қыздырсаңыз да болады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева мәлім етті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Оның айтуынша, «Жол жүру туралы» заң мен Жол жүру ережесінде «көлікті 5 минуттан артық қыздыруға болмайды» деген норма мүлде жоқ. Заң нормаларын алға тартқан ол Қазақстанда көлік қыздырудың уақытына қатысты жеке ереже көзделмегенін атап өтті. Ал, «көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынады» деген әңгіме «Көліктерді тұраққа қою ережелері» туралы заңнан шыққан дау дейді ол.

«Айталық, заң бойынша да, жол жүру ережесіне сай да, жолаушы шықпайтын немесе жүк тиемейтін көлік бес минуттан артық тоқтап тұрса, бұл «тұраққа қою» болып саналады. Міне, осыған байланысты, заңда да, ережеде де бұндай жағдайда тоқтауға болмайды деп жазылған. Жол жүру ережесінің 12 тармағында «адамдарға қолайсыздық тудыратын болса елді мекендерде оталып тұрған көліктің тоқтауына рұқсат жоқ» деп жазылған. Сондықтан, қозғалтқышы гүрілдеп тұрған немесе түтіні тұтап жатқан көлік әрине адамдарға ыңғайсыздық тудырады. Міне, осы жағдайда ғана, оның өзінде де адамдардан шағым түссе ғана, айыппұл салынуы мүмкін», - дейді депутат.

Оның айтуынша, бұл норма кеңес заманынан бері бар. Бірақ, депутат атап өткендей, қазір көліктің көбі жаңарған, сондықтан, олардың қорзғалтқышынан да шу шықпайды.

«Әрине, шағым түсірген адам оталып тұрған көлік ыңғайсыздық тудырып жатыр ма, жоқ па, дәлелдеуі керек. «Үйімнің айналасы түтін» немесе «көліктің дауысы ұйқы бермей жатыр» деген сияқты дәлелі болу керек. Сондықтан, бес минуттан артық қыздырдыңыз ба, әлде одан аз қыздырдыңыз ба, уайымдамаңыз. Ең бастысы, жан-жағыңызға кедергі жасамаңыз болды», - дейді ол.

Осы ретте депутат арыз түскен жағдайда заң өкілдері мен азамат қалай әрекет етуі керек екенін түсіндіріп берді.

«Азаматтардан арыз түссе, полиция хаттама толтырып, айыппұл салуы керек. Бірақ, ол айыппұлмен келіспеген жағдайда жүргізуші сотқа арыздана алады», - деді ол.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий
или