"Көмектескен": Түркістан облысында әкесін ұрып-соққан ер адамның әйеліне де қылмыстық іс қозғалды

12.09.2025 11:00
0
175
видеодан алынған кадр

Жуырда Түркістан облысында ер адамның өз қарт әкесін аяусыз ұрып өлтіргені туралы жаңалық қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұл жантүршігерлік оқиғаға қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Бүгін Түркістан облыстық полиция департаменті күдіктінің әйелі де жауапкершілікке тартылып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Оқиға алдымен әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан белгілі болды. Онда қарияның жүзі қанға боялған күйде жатқаны, орнынан тұра алмай жатқан сәті түсіп қалған. Видео барысында ұлы әйелін шақырып, екеуі бірге қарт адамды сүйреп әкетеді. Кейін анықталғандай, бұл әрекеттер ұлының өз әкесін ұрып-соққанының дәлелі болған. Ал келіні осы жағдайға куә бола тұра, араласпай, тоқтатуға еш әрекет жасамаған. Видео көрші тарапынан жасырын түсірілген.

Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қарттың қайтыс болуына байланысты оның ұлына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі – "Зардап шегушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бойынша іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар, келініне қатысты да ҚР ҚК-нің 109-бабы 1-бөлігінің 3-тармағы — "Кінәліге көрінеу дәрменсіз күйде не материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамды ұрып-соғу" бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Полиция таратқан ресми мәлімдемеде:

«Сотқа дейінгі тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіледі. Тергеу нәтижелері бойынша заңға сай процессуалдық шешім қабылданады. Сонымен бірге арызда көрсетілген барлық дәлелдер тексеріледі және тергеу аяқталған соң істегі барлық тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі», — делінген.

Сонымен қатар, полицияның мәліметінше, зейнеткерді ұрып-соғу фактілері бойынша ешқандай арыз-шағым бұған дейін жәбірленушіден де, өзгелерден де тіркелмеген. Алайда отбасылық зорлық-зомбылық салдарынан адам өлімімен аяқталған бұл жағдай қоғам назарын аударып отыр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий