"Концерттен бір тиын пайда жоқ": Роза Әлқожа өнермен қоштаса ма?
Танымал әнші Роза Әлқожа Шымкентте өткен жеке концертінен ешқандай пайда көрмегенін айтып, ұйымдастырушыларға наразылығын білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазіргі таңда Гуанчжоу қаласында жүрген өнер иесі әлеуметтік желі арқылы концерттің қаржылық нәтижесіне көңілі толмайтынын ашық жеткізді.
«Аяқ астынан Гуанчжоуға кетіп қалғаным қандай жақсы болған. Қазір концерттің шығыны мен кірісін айтқан кезде, күлкім келіп жатыр. Шымкенттегі концерттен бір тиын пайда жоқ. Баяғыда Қызылорда мен Ақтөбеде Дастан деген жігіт концерт өткізіп, 3,5 миллион теңге қарызын әлі берген жоқ. Қанша жыл болды», – деді Роза Әлқожа.
Әншінің айтуынша, концерттің барлық негізгі жұмысы – сахнаға шығу, кешті жүргізу, көрермен алдында өнер көрсету – өзіне жүктелгенімен, қаржылық пайда ұйымдастырушыларға тиесілі болып отыр. Мұндай жағдайлардан кейін ол алдағы уақытта концерт беруге деген ынтасының азайғанын да жасырмады.
«Осындай концерттерге күлкім келеді. Өліп-өшіп халықтың алдына шығатын – мен. Концертті жүргізетін – мен. Ән салатын – мен. Елге жауап беретін – мен. Бірақ пайдасын көретін – ұйымдастырушылар. Мейлі, ары білсін. “Анаған кетті, мынаған кетті, өйтті, бүйтті” дейді. Ұқит-сұқит. Салпақтап жүрген кім? Еңбегін төккен кім? Шаршап өлейін деп жүрген кім? Таңғаламын. Бұдан кейін концерт бермеймін-ау!» – деп түйіндеді әнші.
Соңғы жаңалықтар