Көңілдесін сабаған Қандыағаш әкіміне сот үкімі шықты

Көңілдесін сабаған Қандыағаш әкіміне сот үкімі шықты
08.10.2025 23:35
0
189
Фото: gov.kz

Ақтөбе облысы, Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайырға қатысты әйел адамды ұрып-соғу ісі бойынша сот үкімі шықты. Мұғалжар аудандық соты шенеунікке айыппұл салып, моральдық шығынды өтеуді міндеттеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ ORDA.KZ-ке сілтеме жасап.

Сот шешімімен Қазбек Аққайыр ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1 бабының 1-бөлігі «Ұрып-соғу» бойынша кінәлі деп танылды. Оған 80 АЕК, яғни 314 560 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, сот жәбірленуші әйелдің азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, әкімнен оның пайдасына 100 мың теңге моральдық шығын, 100 мың теңге өкілінің шығынын және 1966 теңге мемлекеттік баж өндіруге қаулы етті.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға 2024 жылдың 26 желтоқсанында әкімнің қызметтік кабинетінде болған. Айыптау қорытындысы бойынша, шенеунік жәбірленушіні мойнынан қысып, бірнеше рет соққыға жыққан, бұл денсаулыққа жеңіл зиян келтіру деп бағаланған. Сот барысында Қазбек Аққайыр жәбірленушімен бейресми қарым-қатынаста болғанын растады.

Соттағы соңғы сөзінде айыпталушы өзін ақтауды сұрап, өз сөзін дәлелдеу үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен үзінді келтірді:

«Президент келеңсіз оқиғалар жайлы: «Өкінішке қарай, олардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар» деп Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан болатын. Осындай әйелдер біздің Қандыағашымызда бар», — деді ол.

1986 жылы туған Қазбек Аққайыр 2024 жылы Қандыағаш қаласының әкімі болып сайланған. Үкімге шағымдану үшін оның 15 тәулік уақыты бар.

Еске салайық, бұған дейін Прокурор Қандыағаш әкіміне айыппұл салуды сұраған болатын.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий