Осы әйелмен болғаныма өкінемін! Прокурор Қандыағаш әкіміне айыппұл сұрады

Прокурор Қандыағаш әкімі Қазбек Аққайырға айыппұл салуды сұрады, деп хабарлайды ORDA.
Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайырға қатысты сот ісі Мұғалжар аудандық сотында жалғасып жатыр. Прокурор әкімді көңілдесін ұрып-соқты деп танып, оған айыппұл салуды сұрады.
Еске сала кетейік, қала әкімін көңілдесі зорлық-зомбылық жасады деп айыптаған болатын. Олар 2021 жылдан бері таныс болған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, шенеунік оған алғаш рет өз кабинетінде қол көтерген. Ол 2024 жылдың желтоқсан айында өзін тұншықтырып, жұдырықпен ұрғанын айтқан.
Сотта жәбірленуші әкімнен моральдық шығын үшін 500 мың теңге және адвокаттың қызметі үшін 300 мың теңге өндіріп беруді талап етті. Сот бұл талап арызды қарауға қабылдады.
Алайда, Қазбек Аққайыр өз кінәсін мойындамай отыр. Ол әйелдің кабинеттен шыққысы келмегендіктен, оны шығарып салу үшін тек тонының жеңінен ұстағанын айтады.
«Осы әйелмен қарым-қатынаста болғаныма өкінемін. Қазірдің өзінде отбасымның алдында оның зардабын тартып жатырмын. Мені ақтауыңызды сұраймын», — деді шенеунік соттағы жарыссөз кезінде.
Прокурор Қазбек Аққайырды Қылмыстық кодекстің 109-1 бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп тануды сұрады. Егер кінәсі дәлелденсе, оған 314 560 теңге мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.
Қазбек Аққайыр Қандыағаш қаласының әкімі қызметіне 2024 жылдың 7 шілдесінде тағайындалған. Бұған дейін ол екі рет тәртіптік жауапкершілікке тартылса да, қызметінде қала берген.
Соңғы жаңалықтар





