Конституцияның 84 пайызы өзгереді: жаңартылған Ата заңда не жазылмақ?

28.01.2026 17:06 Арман Ермеков Арман Ермеков
Конституцияның 84 пайызы өзгереді: жаңартылған Ата заңда не жазылмақ?
300
фото-коллаж: politico.kz

Қазақстанның Ата заңы түбегейлі жаңартылып, құжат мәтінінің 84 пайызына түзету енгізіледі. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның 4-отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмаханов мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz

Жаңартылған Конституция жобасы Преамбуладан, 11 бөлімнен және 104 баптан тұрады. Құжатқа «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім қосылды. Сондай-ақ қолданыстағы төрт бөлімнің атауы өзгертіліп, жалпы саны 77 бап қайта жазылды. Бұл Конституция мәтінінің 84%-ын құрайды.

Реформа нәтижесінде мемлекеттік билік құрылымы өзгереді, бірақ президенттік басқару формасы сақталады. Елде жаңа бір палаталы Парламент моделі енгізіледі. Азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне араласу мүмкіндігі кеңейіп, Конституциялық соттың құқық қорғау тетіктері күшейтіледі.

Жиынтық жоба халықтан, саяси партиялар мен сарапшылардан түскен ұсыныстар негізінде әзірленді. Құжатты пысықтауға білікті заңгерлер мен лингвистер қатысып, мәтіндегі мағыналық сәйкессіздіктер мен қайшылықтарды жойды.

Бақыт Нұрмұхановтың хабарлауынша, конституциялық новеллалар мемлекет миссиясын, оның функцияларының мазмұнын, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар арасындағы өзара қарым-қатынас қағидаттарын жаңа қырынан түсінуге мүмкіндік береді, азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге кеңінен тартуға жол ашады.

«Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру және қорғау кепілдіктері күшейтіліп жатыр. Бұл Конституция мазмұнының жаңаруы мен түбегейлі өзгеруі туралы айтуға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмаханов.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий