«Көрпемен басып ұйықтатқан»: Семейде тәрбиеші ерекше қажеттігі бар баланы тұншықтырған
Семейдегі балабақшада жанжал шықты. Ерекше қажеттілігі бар баланың ата-анасы ұлдарын балабақша тәрбиешісі қинады деп мәлімдеді. Оның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды POLITICO.KZ КТК сайтына сілтеме жасап.
Жәбірленушінің анасы Арай Аралханованың айтуынша, тәрбиеші баланы тұншықтырған.
«Видеоны көрген соң бірден «102» шақырдым . Олар келіп, тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғады. Бұл жағдай 10 қыркүйекте басталды. Бірақ іс әлі күнге дейін созылып келеді. Істің соңына дейін жетуіне көмектессеңіздер деймін. Ол әрі қарай жұмыс істемеуі керек. Ол балалармен жұмыс істей алмайды. Видеода тәрбиешінің баламды қалай ұйықтатқаны анық көрінген. Кадрда ол баламды тұншықтырған», – дейді баланың анасы.
Бес жасар баламның сөйлеу қабілетінің дамуында кідіріс бар. Ол болған жағдайды түсіндіре алмаған, тек жылаған. Ата-анасы бақылау камерасындағы жазбаны көргенде шошып қалған. Тәрбиеші баланы үнемі тартып, түрткілей берген. Ең қорқыныштысы баланы қинап ұйықтатпақ болған сәті. Әйел баланы басына жақын етіп көрпемен бүркеп, үстіне еңкейіп жатып алған. Ал тәрбиешінің өзі кінәсін мойындамай, «тек осылай тыныштандырдым» деп жауап берген. Бірақ жазбаларды басқа ата-аналар көрген соң, олар тәрбиешінің қызметтен шеттетуді талап еткен.
Ал полиция аталған іс бойынша «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша тергеу бастады. Балабақша әкімшілігі мұндай жағдайдың бірінші рет болып жатқанын айтқан. Бірақ тәрбиешіге шара қолдана алмаймыз дейді. Себебі ол декреттік демалысқа шығып кетіпті.
«Қазір тергеу іс-шаралары жүргіп жатыр. Тәрбиеші қазір жұмыстан шеттетілген. Ол декреттік демалыста. Төрт баланың анасы. Мұндай жағдай бірінші рет тіркеліп отыр», – деді №9 «Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі Гүлнар Жұмағалиева.
Соңғы жаңалықтар