Лифтіде 5 жасар баланың бетін пышақпен тілген жасөспірімнің анасы ұлын емдетуден бас тартқан

Лифтіде балаға шабуыл жасаған жасөспірімнің ауруы асқынып кеткен: министр емнен бас тартқан анаға жауапкершілік жүктеуді ұсынды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
5 жасар балаға лифті ішінде пышақпен шабуыл жасаған жасөспірімге қатысты жағдай қоғамда үлкен резонанс туғызды. Жағдайға байланысты пікір білдірген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова күдіктінің психикалық денсаулығына қатысты маңызды мәліметтерді жария етті.
Министрдің айтуынша, жасөспірімнің өте күрделі диагнозы бар және ол бұған дейін арнайы психиатриялық диспансерде есепте тұрған. Алайда оның анасы баласының жағдайын мойындаудан бас тартып, емдеуді бірнеше мәрте тоқтатқан.
«Анасы баласының диагнозын қабылдағысы келмей, емдеуден бас тартты. Балада емдеуде үзілістер болды, ол өкінішке қарай асқынуға әкелді», – деді Ақмарал Әлназарова.
Министр қазіргі таңда мұндай жағдайлардың алдын алу үшін емдеуден бас тартқан ата-аналар мен қамқоршылардың жауапкершілігін заңнамалық деңгейде күшейту мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. «Сондықтан қазір емдеуден бас тартқан жағдайда қамқоршылардың жауапкершілігін күшейту мәселесін қарастырып жатырмыз», – деп мәлімдеді ол.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 11 ақпан күні болған. Жасөспірім көпқабатты үйдің лифтісінде 5 жасар балаға пышақпен шабуыл жасап, ауыр жарақаттаған. Кейін белгілі болғандай, ол психикалық есепте тұратын жасөспірім болып шықты.
Соңғы жаңалықтар





