Лифтте 8 жасар қызға тиісіп айыппұлмен құтылған ер адамның ісі қайта қаралады
Шымкентте 8 жасар қызға лифтте тиісіп, айыппұлмен ғана құтылған 56 жастағы ер адамның ісі қосымша тергеуге жолданды, деп хабарлайды Politico.kz.
Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойды. Прокуратура өкілінің айтуынша бұған дейінгі тергеу және сот органдары істің мән-жайына дұрыс құқықтық баға бермеген. Жәбірленуші тарап та айыптаудың жеңілдетілгеніне үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, іс бастапқыда бас бостандығынан айыруды көздейтін «жас балаға қатысты азғындық әрекеттер» бабы бойынша тергелгенін алға тартты.
Еске салайық, бұған дейін Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты күдіктіні «16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісу» бабы бойынша кінәлі деп тауып, оған 50 АЕК (216 мың теңге) айыппұл салған еді. Кейіннен сотталушының шын жүректен өкінуі мен қамауда отырған уақыты ескеріліп, төлем сомасы 147 мың теңгеге дейін азайтылған.
Оқиға 28 сәуір күні таңертең көпқабатты үйлердің бірінде болған. Жедел сатыға кірген кішкентай қызбен бірге шыққан ер адам оның денесіне қол тигізіп, күшпен ұстауға тырысқан әрі тәттілер ұсынып өзіне тартпақ болған. Дегенмен қарсылық көрсеткен бала оның қолынан босап шығып, үйіне қашып үлгерген еді.
Соңғы жаңалықтар