Люксембург ханзадасы 22 жасында көз жұмды

Люксембург ханзадасы Фредерик 22 жасында сирек кездесетін генетикалық аурудан көз жұмды.
Люксембург ханзадасы Фредерик ұзаққа созылған сирек генетикалық аурумен күрестен кейін 22 жасында өмірден өтті. Бұл туралы оның ата-анасы, Люксембург ханзадасы Роберт пен Джулия, ресми мәлімдемеде хабарлады. Бұл туралы TMZ порталы жазды.
Ханзада Фредерик 1 наурыз, сенбі күні Парижде көз жұмды. Ал 28 ақпанда, яғни сирек кездесетін аурулар күні, ол жақындарымен қоштасып үлгерген.
"Жұма күні, 28 ақпанда, сирек кездесетін аурулар күні, сүйікті ұлымыз бізді бөлмесіне шақырып, соңғы рет сөйлескісі келетінін айтты. Фредерик әрқайсымызбен жеке қоштасуға күш пен батылдық тапты", – деп еске алды ханзаданың әкесі.
Фредерикке 14 жасында POLG геніндегі мутациядан туындаған сирек митохондриялық ауру диагнозы қойылған. Бұл ауру жасуша органеллалары – митохондриялардың қызметінің бұзылуынан пайда болады. Ол бірінші кезекте ми, жүйке жүйесі, бұлшықеттер мен бауырды зақымдайды. POLG ауруының жиілігі – 10 мың адамның біреуінде кездеседі.
Ата-анасының айтуынша, тіпті соңғы күндерінде жағдайы күрт нашарлағанына қарамастан, Фредерик қайсарлығын жоғалтпаған:
"Ол соңына дейін әзілқойлығын сақтап, айналасындағы адамдарға қамқорлық танытты."
Ханзаданың жағдайы соңғы апталарда нашарлап, пневмониямен ауруханаға жатқызылған еді. Кейін ауыр инфекцияға шалдығып, қозғалу мүмкіндігінен айырылды.
Соңғы жаңалықтар




